Қолөнерші диспетчер

Қарапайым еңбек адамдарының ішінде ерлермен бірдей жұмыс істеп жүрген нәзік жандар жетерлік. Солардың бірі Астана сигнализация және байланыс дистанциясының диспетчері Гүлзат Жаналықызы – 24 жылдық тәжірибесі бар теміржолшы ғана емес, он саусағынан өнер тамған шебер. Ауысымдық жұмысынан бос кезде ол қыз жасауын, оюы бар көрпе, тәпішке, кардиган тоқумен айналысып, содан тәп-тәуір табыс тауып отыр.
Дистанцияның бет-бейнесі саналатын әрі мекеменің бүкіл ақпаратын білетін, бәрін бақылауда ұстап отыратын диспетчер – өте жауапты мамандық. Осы жұмысты ойдағыдай атқарып, отбасын да гүлдендіріп, сүйікті ісінің арқасында жақсы табысқа кенеліп отырған Гүлзатты бесаспап келіншек деуге болады. Үйінде өзінің бөлек тігін бөлмесі және арнайы жалдайтын тігін цехы бар ол бұл кәсіпті тігінші анасынан үйренген. Жұмыстан бос кезде көрпе тігуді қолға алып, кейін қыз жасауын жасауға бет бұрды. Қазір қыз жасауы бойынша айына екі тапсырыстан алады, бір қыз жасауы 11-13 көрпеден тұрады. Сонымен қатар ол тоқымаға да бейім, үйге және сыртта киетін сәнді тәпішкелер, италиялық кардигандар тоқып сатады. Оған тапсырыс теміржолдағы әріптестерінен, таныстарынан және әлеуметтік парақшасы арқылы басқа адамдардан жиі түседі.
Теміржол – өмірлік жан қалауымен арнайы жоғары білім алып оқыған мамандығы, теміржолсыз өмірін елестете алмайды. Өзі теміржолшы отбасынан шықпаса да, жолдасы осы саладан.
– Теміржолшы болу туралы ой ең алғаш бала кезде пойызға билет болмай, вагонда Алматы мен туған жерім Шалқар станциясы аралығында отырып келген сәтте туындаған. 7-сыныптан бастап Алматыдағы республикалық физика-математика мектеп-интернатында оқыған едім, сол 1993 жылдары жазда каникулға баратын және қайтатын кезде пойызға отыратынмын. Сонда билетте «орынды жолсерік көрсетеді» деп жазылатын. Бірақ вагонда дым орын болмай, үйге жеткенше қатты қиналатын кезім көп болды. Сол кезде өзіме теміржолшы боламын және Шалқардан теміржол билеттерін орын санымен көрсететін боламын дегенім есімде, – дейді өзі.
Кейіпкеріміз қызметін Ақтөбеде электромонтер болып бастаған. Астанаға 2019 жылы келіп, қырқыншы станцияда электромеханик болды. 2020 жылы диспетчерлік қызметті бастады.
– Диспетчер – жұмысшылармен байланыста, басшылықпен бірлесе атқарылатын жұмыс, бүкіл ақпарат бізге келеді, қай механик қайда жүр, не істеп жүр – бәрін біліп отырасың. Төтенше жағдай болса да алдымен біз білеміз. Бастысы, теміржолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін талмай еңбек етеміз, – дейді ол.
Райхан РАХМЕТОВА