Қоғам

Күй күмбірлеп, жыр төгілді

Астанада белгілі ақын, журналист, диктор, сазгер Серік Әбілұлының төрт кітабының таныстырылымы өтті. Әдеби кешке дәулескер күйші Секен Тұрысбек, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы, ақын Сұраған Ахмет қатысып, жаңа туындылардың тұсауын кесті.

Серік Әбілұлының «Шұғылалы өнер, шуақты өмір» атты кітабы Қытай қазақтарынан шыққан 40-тан аса танымал тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған очерктер мен эсселерден құралған. «Күміс тиек» жинағы қазақтың 25 күйіне арналған өлеңдер топтамасын қамтиды. «Құла құлын» кітабы балаларға арналса, «Бір сағат» жинағына автордың өмірден түйген ойлары мен естеліктері енгізілген.

– Сан өнерді бойына жиған Серік Әбілұлы – әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен үлес қосқан азамат. Оның жазған өлең, эссе, шалқымалары бір төбе болса, қоңыр дауысымен оқыған аудио кітаптары әдебиет сүйер қауымның құлақ құрышын қандырып, жан сарайын байытты. Алдағы уақытта да осы дәстүрді жалғас­тырып, көптеген аудио кітаптарды тыңдармандарға ұсынса нұр үстіне нұр болар еді. Жаңа кітаптардың оқырманы көп болсын, – деп Бауыржан Бабажанұлы ықыласты лебізін білдірсе, күйші Секен Тұрысбек «25 күйге поэма жазу – бұрын-соңды болмаған еңбек. Күйді терең түсінген, оның мәнін жүрегімен сезінген адам ғана осындай туындыны жаза алады. Сенің бойыңда өнердің барлық қыры бар. Өнерің өрлей берсін» деп ағалық алғысын айтты.

Серік Әбілұлы – Қытайдағы Қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың мәдени өміріне елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі. Ол қазақтың таңдаулы 50 әнін қытай тіліне аудартып, ұлттық өнеріміздің кең тараған 500 күйі мен 200 халық әнін таспаға түсірген. Сондай-ақ 20-ға жуық кітаптың, 100-ден астам ән мәтінінің авторы, радио эфирінде 30-ға тарта роман оқыған танымал диктор.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button