Колледждердегі шығармашылық мамандықтар

Астанада мектеп оқушыларына “Әдемі әлем” шығармашылық мамандықтар көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанына байланысты біз ақпан айының соңында техникалық мамандықтардың үлкен көрмесін өткіздік. Ендігі кезек шығармашылық мамандықтарға беріліп отыр. Мақсатымыз мектеп оқушыларына әр мамандықтың маңызын түсіндіру, – деді Астана жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Арайлым Сапарәлі.
Ол іс-шараға Сарыарқа ауданы бойынша 13 мектептен 9-11 сынып аралығындағы 300-ге жуық оқушыны кезек-кезек әкелу жоспарланғанын айтты.
Астанада техникалық және кәсіптік білім беретін 35 колледж бар. Олардың 7-еуі шығармашылық мамандықтарға оқытады. Көрмеде оқушылар сол оқу орындарындағы Шаштараз өнері, Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, Дизайн, Флористика мамандықтарымен танысады, – деді Арайлым Сапарәлі.
Сондай-ақ көрмеде аталған мамандықтар бойынша сабақ беретін оқытушылар мен студенттердің шеберлік сыныптары өтіп жатыр.
Біз көрмеге келген оқушыларға болашақ мамандықтары туралы мастер-класстар өткізу үшін келдік. Мен Басқару колледжінің Графикалық дизайнер мамандығында оқимын. Біз көбінесе компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істейміз. Бірақ осындай академиялық білімдер өте маңызды, – деді сурет салып отырған студент Елназ Сламшаикова.
Астана қаласы әкімдігінің “Астана Жастары” жастар ресурстық орталығы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы және елорда колледждерінің бірімен бірігіп ұйымдастырған “Әдемі әлем” көрмесіне №11 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Аида Алтаева да келді.
Мен киім дизайнері болғым келеді. Көрмеде сурет салу бойынша мастер-классқа қатысып, дизайнерлермен сурет салдым, оюлар тіктім. Өзім түскім келетін колледжді таңдадым, – деді ол.
Айта кетейік, іс-шара жұмысшы кәсіптерін дәріптеу, кәсіптік білімге деген қызығушылық пен құрметті арттыру, ұлттық сәндік-қолданбалы өнерге деген сүйіспеншілікті ояту, техникалық және кәсіптік білім беру жұмысшы мамандықтарының беделі мен имиджін арттыру, сондай-ақ елордалық мектептерінің оқушыларына шығармашылық бағыттағы жұмысшы біліктіліктері бойынша кәсіптік бағдар беру мақсатында өткізіледі.