Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Хьюстон қаласында (АҚШ) өткен CERAWeek 2025 халықаралық энергетикалық конференциясына қатысты. Энергетика мәселелерін талқылауға арналған әлемдегі жетекші платформалардың бірі ретінде танылған CERAWeek биыл 80 елден 10 000-нан астам қатысушыны біріктірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Leadership Dialogue пленарлық отырысында сөз сөйлеген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев саланы дамытудың негізгі бағыттарын атап өтіп, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі жоспарлары туралы айтты.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда мұнай өндіру 87,7 миллион тоннаны (660 миллион баррель) құраса, 2030 жылға қарай елдің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға (785 миллион баррельден астам) жеткізу жоспарланып отыр. Министр жаңа кен орындарын игеру және тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша үкімет қабылдап жатқан шараларға тоқталды.
«Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі ретінде өзінің қолайлы инвестициялық ахуалының, соның ішінде ұзақ мерзімді келісімшарттардың, тартымды салық режимдерінің және шетелдік инвестицияларды қорғайтын құқықтық базаның арқасында нарыққа шығуға және Теңіз және Қашаған кен орындары сияқты ірі жобаларға қатысуға АҚШ-тың Chevron және ExxonMobil сияқты ірі трансұлттық компанияларын тартты», – деді А.Сәтқалиев.
Министр атом энергетикасын дамытуға жеке тоқталды. Ол Қазақстан жаһандық декарбонизация үрдістерін ұстана отырып, атом энергетикасын ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Елімізде дәстүрлі жоғары қуатты реакторларды да, шағын модульдік реакторларды да (СМР) пайдалану мүмкіндігін қарастыра отырып, атом электр станцияларын салу мәселесі зерттелуде. Болашақта Қазақстан өз ядролық кластерін құруды көздеп отыр.

Сондай-ақ Энергетика министрі еліміздің тұрақты даму қағидаттарына адалдығын ерекше атап өтті.
«Қазақстан жасыл энергетика, декарбонизация және метан шығарындыларын азайту саласындағы халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Біз осы салаларға озық технологияларды енгізу және инвестиция тартудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз», – деді А.Сәтқалиев.
CERAWeek аясында қазақстандық делегация газ өнеркәсібінің болашағы және энергияға ауысудағы табиғи газдың рөлі, сондай-ақ көміртекті алу, кәдеге жарату және сақтау (CCUS) саласындағы жаңа технологиялар туралы сессияларға қатысты.