Мәдениет

Әйелдер оркестрі

Астанада тек қыз-келіншектерден құралған Қазақстандағы жалғыз оркестр бар. Sezim Music Show аталатын өнер ұжымы музыкамен ғана айналыспай, әлеуметтік миссияны да арқалап отыр. Оркестр қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдауға, декретте көп отырып қалған келіншектерге сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік беру арқылы шабыт сыйлауға ерекше көңіл бөледі. Құрамы кәсіби музыканттардан тұратын ұжым бір ай бұрын елорданың Жастар сарайында өзінің алғашқы концертін беріп те үлгерді. «Мен әйелмін» аталған сол кеште танымал көркем фильмдердің музыкасы орындалды.

Осындай оркестрді құру идеясының авторы Мәдина Бекмәдиева – кәсіби скрипкашы, халықаралық байқаулардың лауреаты және көпбалалы ана. Ол Еуропа, АҚШ, Таяу Шығыс елдері мен Ресейде жеке, сондай-ақ трио және аспаптық ансамбльдер құрамында өнер көрсетті. Мәдина Қазақ ұлттық өнер университетін және Новосибирск қаласындағы М.Глинка атындағы мемлекеттік консерваторияның магистратурасын тәмамдаған. Бүгінде «Art Generation» шығармашылық орталығының және осы аттас концерттер циклінің негізін қалаушы әрі директоры, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті скрипка кафедрасының оқытушысы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің әртісі, сондай-ақ «Каприччи» скрипкашылар ансамблінің жетекшісі.

Оркестрде жалпы 25 музыкант ойнайды. Әредік құрамы өзгеріп отырса да, саны азаймайды. Соның негізгілеріне тоқталсақ, Бота Қали – Вена музыка академиясының түлегі, халықаралық конкурс­тардың лауреаты. Қазіргі уақытта запастағы лейтенант. ­К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ береді.

Шырын Базарқұлова – үш қызды өсіріп отырған композитор. Санкт-Петербург консерваториясын бітірді. Көркем фильмдер мен телехикаяларға, симфониялық оркестрлерге музыка жазады. Димаш Құдайберген, Қайрат Нұртас сынды танымал әншілермен жұмыс істеген ол – Sezim Music Show оркестрінің музыкалық редакторы.

Наталья Бейсенова – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, халықаралық байқаулардың лауреаты. Қазіргі таңда К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің үрлемелі және соқпалы аспаптар кафедрасында оқытушы және Президент оркестрінің солисі.

Джордан Аракелян – әнші, композитор, ән мәтіндерінің авторы. Этно-поп жанрын насихаттайтын ол Димаш Құдайбергеннің тобына бэк-вокалист және солист ретінде қатысты. Ерекше атап өтерлігі, Димаш ағылшын тілінде шырқайтын кейбір әндердің мәтінін Джордан жазған.

Sezim Music Show оркестрінің алда атқарар жоба-­жоспары көп. Өнер айдынында қадамы енді басталған ұжымға шығармашылық ­табыс тілейміз!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button