
Бүгін Астанадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында экология тақырыбындағы «Таза Қазақстан. Астана-тазалық пен тәртіптің үлгісі» эко-акциясы аясында би девиртисменті іс-шарасы өткізілді.
Би – жас өрендерді рухани-адамгершілікке бастайтын мәдени-эстетикалық тәрбиенің ең тиімді құралы. Қазіргі заманғы би трендтері экологиялық сананың элементтерін жиі қамтиды және би экологиялық мәселелерді жария ету және белсенді талқылау алаңына айналады.
Би девиртисментінің негізгі мақсаты – хореографиялық қойылымдар экологиялық тәрбиенің түрлі бағыттарын бейнелеу. Көрермендерге ұсынылған би композициялары табиғатты аялауға, айналаның тазалығы үшін жауапкершілікті сезінуге, өз әрекеттерінің салдарын алдын ала білуге және шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуды көздейді.
Сахнада қойылған хореографиялық композицияларда табиғаттың әсем көріністері өрнектеліп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау, оны аялау айналаның таңғажайып тамаша көріністермен үйлесім тапқан. Биді көргенде табиғаттың тылсым күші мен айрықша энергиясын табиғат құбылыстары арқылы сезуге болады. Мысалы, «Терра» атты биі арқылы біздің табиғатпен байланысымыздың жер бетіндегі үйлесімін және оны сақтау жауапкершілігін сезінсек, «Көктем самалы» биінде судың тазалығы мен тереңдігін – өмір ағысы арқылы көрерменге жеткізеді. «От» биіндегі көріністер кездескен қиындықтарды жеңіп шығуға күш-қуат береді. Қазіргі заманғы әлемнің экологиялық проблемалары – ауаның қатты ластануы, адамның және өндірістің экожүйеге араласуы «Өрт сөндірушілер қашан жоғалады», «Шөл даланы бұғаулау», «Жарыққа ұмтылу» билерінде бейнелеп көрсетілді.
Жас бишілер өз өнерлерімен би билеу қуаныш пен шабыт әкеліп қана қоймай, қоғамды экологиялық маңызды мәселелерге тартудың құралына айналатынын атап өтеді.
Ақбота Бауыржанқызы