Қоғам

Астанада көмір химия өнеркәсібін дамытуға арналған акселерация өтті

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстандағы көмір химия өнеркәсібіндегі инвестициялық климатты жақсарту және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау бойынша акселерация өткізді. Іс-шара барысында озық технологияларды енгізу, жаһандық тәжірибелерді бейімдеу және инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары сияқты көмір химия саласын дамытудың негізгі мәселелерін талқылау мақсатында жұмыс топтары құрылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов өзінің алғы сөзінде көмір химия өнімдеріне жаһандық сұраныстың өсіп келе жатқанын атап өтіп, бұл салаға инвестиция тартудың айтарлықтай әлеуеті бар екенін мәлімдеді. Көмір қоры мол Қазақстан экономиканы әртараптандыруға ұмтыла отырып, көмірді терең өңдеу саласында жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға басымдық береді. Көмір химия өнеркәсібін дамыту елдің экспорттық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, тұрақты экономикалық өсудің негізгі факторы болмақ.

Ғ.Оспанқұлов акселерация аясында бизнес қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау негізгі кедергілерді анықтауға және Инвестициялық штабтың қарауына ұсынылатын тиімді шешімдерді әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті.

Акселерацияға сондай-ақ «CHN Energy International» басқарма төрағасы У Цюань, сондай-ақ көмір химия саласындағы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, соның ішінде «Республикалық тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ, «ERG», «Kazakhmys Coal», «Богатырь Көмір» ЖШС, «Құлан-Көмір» ЖШС және басқа да компаниялар қатысты.

Талқылау қорытындысы бойынша анықталған кедергілерді жою және көмір химиясы өнеркәсібіне инвестиция тартуды ынталандыру мақсатында кешенді талдау жүргізіп, нақты шаралар әзірлеу жоспарлануда.

Акселерация отырыстарының мақсаты – инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, жою, сондай-ақ елдегі инвестициялық климат пен бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, стратегиялық серіктестерді тарту және Қазақстанның көмір химиясы саласындағы ауқымды жобаларын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмысын жалғастырады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button