Қоғам

Әлем чемпионатынан жүлделі оралды

Наурыз айының 6-11 аралығында Италияның Лидо ди Езоло қаласында кикбокстан өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы қатысқан еді. Аталған жарысқа 46 мемлекеттен 429 спортшы жүлдеге таласты.

Жеңімпаздар арасында елордадағы «Астана Тазалық» ЖШС-да абыройлы жұмыс істеп жүрген Бибарыс Сауханбек қола жүлде иегері атанып отыр. Ол – кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорттың осы түрімен айналысқанына 14 жыл толған. Бибарыс бұған дейін Қазақстан чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы болды. Сондай-ақ Анапа қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы. 2020 жылы Үндістанда өткен жарыстың, 2021 жылы Италияда өткен Әлем чемпионаты және 2023 жылы Португалияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал былтыр Үндістанда өткен India Open жарысының жеңімпазы болды.

Жетістікке жеткен жас спортшыға «Астана Тазалық» мекемесінің бас директоры Замир Садықұлы Бибарыстың иығы қазақы шапан жауып, пәтер кілтін алуға 10 млн теңгеге сертификат сыйлады.

«Күні бүгінге дейін аренада 130-дан астам кездесу өткізген чемпионымызды спорттағы жанкүйерлері «Сұлтан Бибарыс» деп атайды. Мысыр елін мойындатқан Бейбарыс бабаң секілді бүкіл дүниежүзіне қазақты таныта бер. Осы лақап атын жандандыру үшін қазақ елінен қолдаушысы бар екенін білдіретін, көк байрағымыздың суреті бейнеленген шапанды иығыңа жабуды жөн санадық. Әр жекпе-жегінде артында елің саған үміт артып, қолдап отыр деп қабыл ал» деді «Астана Тазалық» мекемесінің бас директоры З.Сагинов.

Сонымен қатар, «Астана Тазалық» мекемесінде арнайы техника жүргізушісі болып қызмет атқаратын спортышының әкесі Кенжежан Сауханбекұлына еліне деген патриоттық сезімі бар тұлға тәрбиелегеніне алғыс айтып, Алғыс хат ұсынды.

Айта кетейік, Бибарыстың ағасы Жансерік Кенжежанұлы да «Астана Тазалық» мекемесінде қызмет етеді. Ол да жастайынан еркін күреске қатысып, түрлі республикалық жарыстардың жүлдегері атанған.

Ержан ҚОЖАС

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button