Амал мерекесі балабақшада дәріптелді

Астана қаласындағы №7 «Аққу» балабақшасы Көрісу күнін ерекше атап өтіп, ата-аналармен бірге ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, қазақтың бай мәдениетін танытуға үлес қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Көрісу күні – қазақ халқының ең маңызды мейрамдарының бірі. Бұл күннің негізгі мақсаты – адамдарды бір-бірімен кездесуге, жылы сөздер айтып, ізгі тілектер білдіруге шақыру. Қазақ халқы бұл күні бір-бірімен көрісіп қуаныштарын бөліседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұмытылып кеткен бұл мейрамды жаңғырту және оның маңызын түсіндіру мақсатында «Аққу» балабақшасы ерекше іс-шара ұйымдастырды. Ата-аналар мен балалар дәстүрлі қазақ тағамдарынаан дәм татып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін еске түсірді. Олар ұлттық киімдерін киіп, Көрісу күнінің тарихын көрсетіп көрініс қойды. Дәстүр бойынша, ақ сақалды қария бата беріп, ақтан ауыз тиді. Осы сәтте ата-аналар мен балалар арасында ерекше байланыс орнап, Көрісу күнінің мәні мен маңызы терең түсіндірілді.
«Біз жыл сайын осы мерекені асыға күтеміз. Ата-аналармен Көрісу күнін балабақшада атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Бүгінде еңбектеген баламыздан еңкейген қариямызға дейін береке мен бірлігімізді көрсетіп, амал мерекесін қуанышпен атап өттік», – дейді балабақшаның ата-аналар комитетінің төрағасы Айдана Қайратқызы.
Іс-шара балаларға қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін танытуға мүмкіндік берді. Ата-аналар арасындағы бірлікті нығайтып, бір-біріне деген құрметтін арттырды.