Қоғам

«Шаңырақ күнінде» некесі қиылады

Наурыз – жаңару, жаңғыру. Наурыз мейрамы – бар жаңалықтың бастауы, бар жақсылықтың жаршысы. Одан асқан мереке, той жоқ. Берекелі мейрам халықтық мерекеге айналып, ұлттық құндылықтарды  ұлықтайтын ерекше күн. Міне, осы айрықша мейрамға астаналық өнер адамдары өнерімен де, өз өмірі арқылы да атсалыспақ. Астана қаласы әкімдігің Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ иелері» атты  өнерлі жас отбасылармен шығармашылық кездесу өтеді.

– Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда «Шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салт болған. Театрымызда бір-біріне үйленіп отбасын құрған 15  жұп бар. Аталған «Шаңырақ күні» қарсаңында театрымыздағы 16-шы жұп артистері Айдос Амандық пен Айдана Болаттың некелерін қию рәсімі өтеді. Оларға елімізге танымал өнер жұлдыздары ақ тілегін арнап, жасы үлкен театр майталмандары батасын береді,- дейді театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров.

Салтанатты іс-шара барысында, неке қию рәсімінен басқа әндер айтылып, күй тартылады. Жас отбасыға бата беріліп, тілектер айтылады. Отбасылық құндылықтар дәріптеледі.Ұжымның құрылғанына үш жылдан жаңа асса да көптеген рекорд жасап үлгерді. Мысалы, осы жылдар ішінде театрда  14 отбасы шаңырақ көтерді. Міне, бүгін 15-жұп некесін қиып отыр. Бір ұжымда жұмыс істейтіндердің бір-біріне үйленуі бола бермейтін жайт. Бұл да Асхат Максимұлы басқарған ұжымдағы ауызбірліктің, жақсы атмосфераның арқасы!

Қазақ мәдениетінде шаңырақ киелі, қадір-қасиеті айрықша. Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Ол киелі саналады. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы.

Жалпы, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар. Ендеше, жаңадан ақ отаудың табалдырығын аппақ ниетпен аттаған өнерлі жастардың қадамдарына сәттілік тілеп, бақыттарының баянды болуын, шаңырақтарының биік, тұғырлы болуын шын тілейміз!

 Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button