Сахнаның көрінбейтін кейіпкерлері

«Жұмысшы мамандықтары жылында» еңбек адамының мәртебесін көтеру, өскелең жастарды осы салаға тарту, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлау маңызды. Кез келген жұмысшы құрметке лайық. Олардың қай салада болмасын еңбегі өлшеусіз. Соның бірі – «Астана Операның» бүкіл электр жүйесін реттеп жүрген электр мамандары.
Театрдың іші әрдайым жарық, жайлы әрі қауіпсіз болуы энергетика бөлімінің қызметкерлеріне байланысты. «Астана Операның» энергетика бөлімінде бас энергетик, аға инженер, екі инженер маман, үш электрші мен төрт кезекші электршіні қосқанда 12 адам жұмыс істейді.
Әрқайсысының өз жауапты аймағы бар, алайда олардың барлығын театрдың электрмен үздіксіз жабдықталуын қамтамасыз ету сынды ортақ міндет біріктіреді. Олардың «Астана Опера» театрындағы әр күні елден бұрын басталады. Ғимарат пен сахнаға әлі ешкім келмеген кезде электршілер сақадай сай болып жұмыс орындарында отырады. Дәліздер мен залдарда жарықты қосып, тазалық жұмысын жүргізуге жағдай жасайды, одан кейін театрдың негізгі қызметтерімен байланыс жасайды.
– Біздің бөлім – театрдағы ең маңыздысы, – дейді кезекші электрші Асылбек Баттаков. – Егер электр қуаты болмаса, онда спектакльдер де, дайындықтар да, ештеңе де болмайды. Мұнда кезекші электршілер күндіз-түні ауысыммен жұмыс істейді. Оларды кез келген сәтте, яғни дайындық, спектакль, концерт, тіпті экскурсия кезінде де жолықтыруға болады. Электршілер барлық жүйенің ақаусыз жұмыс істеуін қадағалап, ақауды сол арада жояды. Олар монтаж жұмысымен айналысады, атап айтсақ, трансформаторларды ауыстырып, жаңа розеткалар мен шамдарды орнатады, сызбалармен жұмыс істейді. Олардың еңбегі – тәжірибе мен білімді талап ететін күрделі техникалық жұмыс. Барлық процесті аға инженер Янош Мужикпен бірге инженер мамандар бақылап отырады. Янош Мужик Қазақстанға Венгриядан келіп, елімізде қалған, Будапешт техникалық университетін «энергетика» мамандығы бойынша тәмамдап, осы салада өмір бойы еңбек етуде.
– Біреулер театр сабағын өткізсе, енді бір жерде дайындық жүріп жатады, ал тағы бір залда әлеуметтік желілерге ролик түсіреді, олардың барлығына жарық қажет, – деп әңгімеледі Руслан Алпыспаев. – Біз тұрақты қозғалыста жүріп, жүйелердің істен шықпауын қадағалаймыз.
Көрермендер театрға барлығы дайын кезде, яғни залдарда аспашамдар жарқырап, сахнада сәулелі күрделі композициялар жанғанда, ал дәліздер мен грим бөлмелеріне жайлы көмескі жарық түсіп тұрғанда келеді.
– Көрермендер келгенге дейін барлығы жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізуіміз керек, – дейді электршілер.
Олар құрылғыларды іске қосып, жарық түсіретін құралдарды тексереді, жүйелердің барлығын қайта қарап шығады. Дегенмен техника кесте бойынша іске қосылғанмен, күтпеген жерден өтініштер түсуі мүмкін. Мәселен, режиссер сахнаны қараңғылатуды жаңа жерде жасауды ұйғарады, жарық берушілерге қосымша қуат көзі қажет болады, ал қызметтердің енді біріне тез арада жарық жағу немесе жарықты сөндіру керек.
Спектакль басталар алдында кезекші жарық ешкім тас қараңғыда қалып қоймайтындай етіп сөнеді.
– Біз әртістер үшін арнайы көк түсті жарық жағамыз, ол көзді қарықтырмайды, бірақ сахнаны көруге, сүрініп кетпеуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді мамандар.
Антракт аяқталғаннан кейін көрермендер өз орындарын оңай табуы үшін негізгі шамдардың жанып тұруы маңызды. Содан кейін зал әп-сәтте қараңғыланып, спектакльдің атмосферасы қайтарылады және әртістерге көк түсті жарық жағылады.
– Барлығы мінсіз және кешігусіз, үйлесімді жасалуы керек, сондықтан бұл жерде өзіміздің айла-тәсілімізді қолданамыз, – дейді Олег Стеценко.
Жарық беруші мен электрші мамандықтарының ұқсас болғаны сонша, оларды жиі шатастырып жатады. Бірі сахнаның көркемдік жарықтандырылуына, келесісі техникалық бөлігіне жауап береді, алайда екеуі де электр құрылғыларымен жұмыс істейді. Ең күрделі тапсырмалардың бірі – театрдағы шамдарды ауыстыру.
Фойедегі, камералық залдағы, үлкен көрермендер залындағы аспашамдар өте үлкен. Бұл аспашамдар әдемі көрінгенмен, олардың да шамдары күйеді. Сол кезде оларды ауыстырып көріңіз! Бұл үшін қызметкерлер құрылыс сатысын, электр мұнарасын, сақтандыру жүйелерін пайдаланады, биіктегі жұмыс альпинистікінен кем түспейді.
– Фойедегі негізгі «Penelope» аспашамының салмағы – 1,5 тонна, биіктігі – 5,5 метр және диаметрі – 5 метр. Онда 221 лампа орнатылған. Ал сыртқы жарықтандыруды қоспағанда, театр бойынша барлығы 18368 шам орнатулы. Күн сайын бір жерде шам күйетіндіктен, оларды ауыстырмайтын күніміз жоқ. Былтыр біз сахнада ауқымды жобаны жүзеге асырдық.
Энергетикалық блоктан бастап сахнаға дейін 1,5 шақырым кабель төсеп, үлкен қуатты екі электр шкафын іске қостық, – деп әңгімеледі Янош Мужик.
Жаңа ғана дәлізде шамды ауыстырып келсе, бір минуттан кейін: «Басқа залға келіңіз» деген қоңырау түседі. Театр электршілерінің өмір ырғағы осындай – таусылмайтын, байқалмайтын, десе де бұл сахна әр кеш сайын жарқырап, ал театр өз ғажайыбында тыныстауы үшін қажет.
Жұмыс күні кеш аяқталады. Көрермендер залдан шығып, әртістер сахнадан кеткенмен, театр әлі де жұмыс істеп тұрады. Өйткені бұл кезде фойеде соңғы меймандар суретке түсіп жатады, тек жарықтың сәл азайғаны оларға кешті аяқтау қажет екенін білдіртпей еске салады.
Электртехника қарқынды дамып келеді. Егер бұрын театрда қыздыру шамдарын, содан кейін люминесцентті және энергия үнемдейтін шамдарды пайдалансақ, бүгінде жарықдиодты жарықтандыруға басымдық беріледі.
– Біз шамдарды ауыстырып қана қоймаймыз, жаңа технологияларды меңгереміз, сызбаларды өзгертеміз, энергияның үнемделуін қадағалаймыз, – деп пікірін қосты бас энергетик.
– «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында бұл мамандық әрдайым сұраныста болатынын атап өткім келеді, – деді Олег Стеценко. – Электршінің жұмысы жақсы төленеді, білімің өмірде де, жұмыста да қажет болады. Ал театр электршісінің басқаларынан тағы бір ерекшелігі – оның дайындықтарға кіріп, спектакльдерді тамашалай алуында.
Осылайша, шымылдықтың арғы жағында қала отырып, электршілер жүздеген адамға – әртістерге, театр қызметкерлеріне және көрермендерге қолайлы жағдай жасайды, театрға жан бітіріп, атмосферасын қыздыратын әрі асқақ өнердің дүниеге келуіне көмектесетін жарықты басқарады.
Айгүл УАЙС