Әлеумет

Қауіпті әрі қажетті…

Электр инженері. Тіпті жалпылама сөзбен электрик деп те атайықшы. Екінің бірі аяқ баса бермейтін бұл мамандықты таңдайтындар қазір сиреп барады. Дегенмен жоқ емес. Соның бірі – астаналық Қосылбек Нәсіпханұлы. Студент кезден осы мамандықтың нанын тауып келеді. Елорда маңындағы №1 индустриялық паркте орналасқан «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясында жұмыс істейтін ол осында шығатын әскери техникалардың электр жабдықтарына қатысты қосалқы бөлшектерді дайындайды.

 

«Жұмысқа дайындық таңғы жетіден басталады. Үйден зауытқа келіп, күнделікті мамандардың, яғни медициналық тексерістен өтеміз. Әрі қарай кәсіпорын ішінде асхана бар. Сонда таңғы ас дайын тұрады. Одан соң өзіміз жұмыс істейтін цехтың күнделікті жоспарлау минутына қатысып, атқаратын жұмысымызды талқылаймыз. Онда кемшіліктер де, жетістіктер де айтылады. Бүгінге қандай меже бар, тапсырыстар легі қандай, бәрін алдын ала жоспарлаймыз. Артынша жұмыс басталады. Жалпы аптасына 6 күн жұмыс істеймін» деп күнделікті жұмыс барысын баяндады Қосылбек.

Қосылбектің айтуынша, өз жұмысыңды сапалы атқарсаң ғана жұмыс орның немесе кез келген тапсырыс берушіге сыйлы боласың. Бұл – заңдылық. Әрі сол арқылы қоғам ортасына да өз мамандығыңның беделді болуына ықпал етесің.

«Адам өз сүйікті ісін тапса, ол жұмыс орнына сапалы да пайдалы кадр бола болады. Мәртебесі өседі. Мүмкін, кейбір адамдар бізге жоғарыдан қарап, басқаша көзқарас танытуы мүмкін. Қарапайым жұмысшы не болмашы маман деп ойлайды ғой. Мұндай пікір бөтен адам емес, тіпті өз туыстарыңның арасында да кезігуі мүмкін. Бірақ мұны сен қабылдамауың керек. Ішкі санаң «өз жұмысымды адал атқарып, еліме, қоғамға шын пайдамды тигізіп жатырмын» деген ойды үстем етсін. Сонда ғана саған айналадағы айтылған сөздер маңызды болмайды.

Ал расымен бүгінде біздің мамандық бойынша тапшылық сезіледі. Өйткені, көп жас буынның бұған тәуекелі жете бермейді. Қазір біздің компания жылына жүзден аса машина құрастырады. Сондықтан біздің салаға сұраныс жылдан-жылға артуда» дейді ол.

Иә, жоғарыда айтқандай, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауыты біздің қорғаныс саласына өте қажет «Арлан», «Алан», «Номад» пен «Барыс» сияқты брондалған әскери машиналар шығарады. Кейіпкеріміз мұндай көліктердің өте қажет бөлігі – электр қондырғаларына керекті ток желілерін сызба бо­йынша дайындайды. Әрі ол өте тиянақты түрде жасалмаса, жаңа шыққан көліктің ақаулығына әкеледі. «Электр жүйесі дұрыс жиналмаса немесе қате құрас­тырылса, өз компанияңа зиян тигізетінің белгілі ғой. Жалпы біздің мамандық иелерінің қай жерде де ешқашан қателесуге құқы жоқ» дейді Қосылбек сөз арасында.

«Әкем адал еңбекпен нан табу жайлы жиі айтатын. Тіпті бала күнімді әлдебір қызығушылықпен ұрлық жасағанымда өте қатты жазалағаны бар. Содан кейін ұрлықтың түбі өзіңе зиян екенін санама сіңіп кетті (күліп). Ал жалпы есейгенше ауылда мал бағып, шөп шауып өстік қой. Ата-­анам мені де, бауырларымды да таза еңбекке тәрбиеледі. Таза еңбек етсең ғана адал несібе келетінін ұғындырды» деп ағынан жарылды ол.

Әріптестері де Қосылбектің өз жұмысына тиянақты екенін айтады. Кәсіпорынға келгелі барлық қызметтестерімен тез тіл табысып кеткен.

«Жақсы маман жеткілікті қой. Бірақ оның ішінде жақсы азамат еді деп баға беретіндер қатары көп емес. Қосылбек – жақсы кадр ғана емес, біздің арамызда азаматтығы ерекше деп бағалауға тұрарлық жігіт. Келген сәттен бастап жұмысын өзіне керемет сіңіріп, қызметтестеріне тез үйреністі. Екіншіден, ол мамандығына қатысты жаңа дүние іздеп тұрады. Өзін дамытуға келгенде бәрін ысырып қоятыны рас» дейді оның әріптесі, кәсіпорынның электромонтаж шебері Алмас Аманкелдіұлы.

Бізге белгілі бір дерек бар. Ең қауіпті мамандықтар тізіміндегі 4-орында электрик тұрады екен. Былтыр шетел сарапшылары мынадай бір статистика келтірді. Мәселен, 100 мың электриктің 30-дан астамы өз жұмысын атқару кезінде қаза табады. Расымен де сырт көзге қарапайым көрінсе де мамандықтың біз біле бермес қиямет жұмысы көп. Әрі тым қауіпті. Кәдімгі шырмауық шөбіндей шатаса біткен көп ірілі-ұсақты электр токтарын ажыратып, оны қайта жалғау сынды жұмыстар жүйкеге әсер етпеске қоймас.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button