Саздың пірі – Нұрғиса

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада күйші-композитор, дирижер, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің негізін қалаушы, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Саздың пірі – Нұрғиса» атты музыкалық кеш өтті.
Іс-шараға жиналғандар композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы ойларын ортаға салып, азаматтық, адами келбетіне, күйшілік, композиторлық, дирижерлік дарынына тоқталды. Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов майталман музыканттың ғасырлық мерейтойы биыл ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында аталып өтетінін, Нұрғиса Тілендиев қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын айтты.
Кешті жүргізген күйші, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, халықаралық байқаулардың лауреаты Айтолқын Тоқтаған Нұрғиса Тілендиевтің сан қыры жайында әңгімеледі. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының композитордың шығармашылығын сипаттаған «Аспан ашылып, шуақ шашылып, дүние жарқырап, Алатау жапырылып, Атлант сапырылып кеткендей» деген сөздерін келтірді. Нұрғиса Тілендиев 500-ге жуық музыкалық шығарма жазып, әртүрлі жанрды қамтығанын, соның ішінде увертюра, романс, поэма жазғанын атап өтті.
«Қалай болғанда да, Тілендиевті ұлы еткен қазақтың киелі қара домбырасы десем қателеспеймін. Әкесі Тіленді дәулескер күйші болған. Өмірден ерте өтсе де, ұлына домбыра үйретіп үлгерді. Домбыра шертіп отырған 5 жасар Нұрғисаны академик Ахмет Жұбанов байқап, жасы жетпесе де екі жас қосып, музыка училищесіне алып келеді. Тілендиевтің дарыны жан-жақты болғаны сонша, Латиф Хамиди «биге икемділігі бар екен» деп балетке жібереді. Сонда 2-3 айдай билеп жүргенде, Арқаның белгілі күйшісі Әбікен Хасенов домбыраға ебін байқап, «мына балаға обал болды ғой, музыкаға берсеңдерші» деп айтқан бойда Ахмет Жұбанов та іссапардан қайтып келіп, домбыраға қайтып алады» деді Айтолқын Тоқтаған.
Оның айтуынша, Нұрғиса Тілендиев кәсіби тұрғыдан бокспен де айналысып, жарыстарға қатысқан. Бірақ Ахмет Жұбанов «Не бокс, не музыка» деп қатал шарт қойған. Сонда музыканы таңдаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа жасы жетпесе де сұранып, Берлинге дейін жеткен. Әскери қызметін жалғастырмақ та болған. Бірақ бұған да Ахмет Жұбанов қарсы болып, «өнерге керексің» деп райынан қайтарған.
Нұрғиса Тілендиев «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдерін, «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Қыз Жібек» көркем фильмдерін музыкамен әрледі. Кинорежиссер Сұлтан Қожықовтың «Тілендиевтің музыкасы «Қыз Жібекті» халықтық фильмге айналдырды» дегені бар. Осы фильмде композитордың қалауымен жас Қайрат Байбосынов ән салған. Бүгінде әйгілі әнші, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бейнеқұттықтау жолдап, Нұрғиса Тілендиевпен 13 жасында танысқанын, Алматыға оқуға келгенде композитор жағдайын біліп тұрғанын айта келе, «Қыз Жібек» кезеңі, әндері жайлы әңгімеледі.
Күйші, фольклортанушы, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған, күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбеков Нұрғиса Тілендиев туралы салиқалы әңгіме өрбітті.
Күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова әкесі Айтбайдың ауыр жарақаттан кейін сахнаға қайтып оралуына Нұрғиса Тілендиев себепші болғанын айтып, «Аққу» күйін Нұрғисаның қолынан үйренгенін жеткізді, осы күйді тартып берді. Алматыдағы Н.Тілендиев атындағы мемориалды музей басшысы Мөлдір Тұрсынбекқызы аталмыш музеймен таныстырды. Күйші, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің деканы Батырлан Әбенов «Арман» атты Нұрғиса Тілендиевтің күйлері жинағын шығарып, магистрлік жұмысын майталман музыканттан қорғады. Ол сол жайлы әңгімелеп, «Әлқисса» күйін шертті.
Кеш барысында №1 балалар музыка мектебінің «Серпер» домбырашылар ансамблі «Келе жатыр құс қайтып», Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әншісі, мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан «Күндер-ай», Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатай «Аралдағы жеңеше-ай» әндерін салды. Жиналғандар «Нұрғиса Тілендиев – 100» атты кітап көрмесін тамашалады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ