Құрылысқа қажетті жабдық дайындайды

Құрылғанына жыл толмаған ComInvestGroup серіктестігінің жұмысы қарқынды. Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық парк ішінен орын тепкен кәсіпорын құрылысқа қажетті жабдықтар дайындайды. Дұрысы, көп қабатты үйдің қабырғасы мен еден плиталарын құю кезінде керекті тіреу бағаналарын, мінбе сатысы мен қалыптарды (опалубка) шығаруда. Сондай-ақ қосымша мектепке қажет орындық пен парталар және ғимарат сыртына түрлі нұсқада қоршау шарбақтарын да тапсырыспен орындап келеді.
«Кәсіпорын өткен жылы сәуір-мамыр айында құрылды. №1 Индустриялық парктен 5 гектар жер алып, жобаға қомақты инвестиция құйдық. Біздің мақсатымыз – алдымен елдегі ішкі сұранысты қанағаттандыру. Қазір жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінде құрылыс жұмысы көбейіп келеді. Осыған қажетті заттарды толық қамту керек. Жалпы бізден бұрын ашылған компания бар, ол Алматы қаласында орналасқан. Екінші болып біз осындай жобаны қолға алдық» дейді ComInvestGroup ЖШС бас директоры Дәурен Тәкеев.
Дәуреннің сөзінше, Индустриялық парктен алынған 5 гектар аумақтағы өндіріс екі кезеңге бөлінген. Қазір біріншісі бойынша жұмыс жүріп, өнім шығып жатыр. Ал екіншісі жоба – болашақта кәсіпорын өнімділігін одан әрі арттыруға арналған. Сондай-ақ кәсіпорын елімізде жүріп жатқан «Жайлы мектеп» жобасы бойынша оқушы орындығы мен парталарын да дайындайды. Тіпті зауыт күші бір айда 2 мың орындық пен партаны қажетті жерге жіберуге қауқарлы көрінеді. Өйткені жақында ғана елдегі салынған екі «Жайлы мектептің» осындай керектісін аз уақытта сапалы етіп бітіріп берген.
«Кәсіпорын ішіндегі өндіріске пайдаланып отырған құрылғылар заманауи әрі соңғы үлгідегі десек болады. Кәсіпорын құрар алдында көрші Қытай елінен арнайы роботтық жүйемен жұмыс істейтін екі технологиялық жабдық алдырдық. Бұл аппарат – белгілі бір өнімді арнайы енгізілген бағдарламамен өзі кесіп, өзі дәнекерлеп береді. Біз сөзбен айтқанда, бір робот 4 дәнекерлеушінің жұмысын атқара береді. Тағы бір айтатыным, зауыт іші бірнеше бөлімнен тұрады. Қалыптарды қалпына келтіру немесе жөндеу, жаңа қалыптар, мінбе сатысы мен тіреу бағаналарын дайындау, мектепке қажет орындық-парталарды шығару сияқты цехтар өз жұмысын тиянақты атқарып келеді» дейді ол.
Зауытта алғашқы кезде 10-15 адам ғана жұмыс істеген. Бүгінде тапсырыс ұлғайған соң жұмысшылар саны 50-55 адамға ұлғайыпты. Жалақылары да тұрақты.
«Біздің шығарған құрылыс жабдықтары өз елімізден бөлек, көрші мемлекеттерге де кетеді. Мысалы, жақында Өзбекстанға өнімнің бір бөлігін жібердік. Енді Қырғызстанмен де келісімге дайындалып жатырмыз. Жалпы зауыт басшылығы жылда халықаралық сауда көрмелеріне қатысу арқылы өнімдерін тұрақты көрсетіп отырады. Сол арқылы кәсіпорынға тапсырыс ұлғайып та келеді. Алдағы мамырда Астанада өтетін көрмеге де қатысамыз. Ал негізгі тұтынушының басым бөлігі – еліміздің құрылыс компаниялары» дейді бас директор.
Компания өз қызметкерлеріне тегін түскі ас және ағзаға қажетті витаминді жеңіл тағамдар (сүт, айран) қарастырған. Бұған қосымша жұмысшылар маусымдық киіммен қамтылыпты.
«2024 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Механика және металл өңдеу» мамандығын бітірдім. Ал былтыр жазда осы кәсіпорынға бірден жұмысқа орналастым. Алғашқыда қиынға соқты. Бірақ тәжірибелі әріптес ағалардың арқасында зауыт тіршілігін тез игердік. Мұндағы міндетім – тапсырыспен келген құрылыс заттарына қажетті темірді арнайы сызбамен кесіп, дәнекерлеу цехына жөнелту. Жұмысым өзіме ұнайды» дейді лазерлік кесу аппаратының операторы Еркінбек Болыс.
21 жастағы жас маманның биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылынан күтері көп. Әсіресе, ол өз қатарластарының осы салаға жиі келіп, жұмыс істегенін қалайды.
«Барлығымызға бірдей мұғалімдік немесе заңгерлік қызмет қайда?! Мен көбіне-көп біздің технологиялық немесе өндірістік салаға жұмысшы күші жетпейтінін естимін. Ол рас. Көп жағдайда менің құрдастарым келуге тартыншақтайды. Әрине, әрқайсысының өз себептері бар болар. Бірақ ел дамуына өз үлесіңді қай тұрғыдан алсақ та адал, таза еңбекпен қоссаң, ол – үлкен жетістік. Ал біздің салаға келу үшін ең алдымен, өзіңе сенімділік керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады деп есептеймін» дейді Еркінбек.
Ержан ҚОЖАС