Туризм индустриясы өкілдері салық реформасын талқылады

Өткен аптада Астанада Marriott International бизнес кеңесінің ұйымдастыруымен және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қолдауымен кездесу өтті. Оған туризм индустриясының, Астана қаласы әкімдігінің, «Астана Туризм» туризмді дамыту орталығының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Kazakh Tourism 2025 жылға арналған жоспары, салық саясатының салаға әсері және Қазақстан астанасының ерекше туристік өнімін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуде қосылған құн салығы мөлшерлемесінің көтерілу мүмкіндігі қарастырылды.
Туризм бизнесінің өкілдері туристік қызметтер мен қосымша тауарлар құнының өсуі, Қазақстанның шетелдік туристер мен инвесторлар үшін тартымдылығының төмендеуі, өңірлік туризм өсімінің баяулауы, аралас салаларда бағалардың өсуі және көлеңкелі экономиканың даму қаупі тәрізді теріс салдарларына тоқталды.Бұл бағытта Kazakh Tourism ҚҚС ішкі туризмге әсерін талдауды жоспарлап отыр.
Туризм бизнесінің ұстанымы және ағымдағы мөлшерлемені сақтаудың баламалы шешімдері ҚР Ұлттық экономика министрлігі қатысуымен өтетін жиналыста ұсынылады.
Сонымен қатар, кездесуде сарапшылар Астананың туристік тартымдылығын арттыру бойынша жаңа идеяларды ұсынды. Marriott International Қазақстанды туристік бағыт ретінде дәріптеуге белсене атсалысуға қызығушылық танытты. Компания халықаралық көрмелерге қатысуға әзірлігін, Kazakh Tourism және басқа компаниялармен бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.