Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тұсаукесер рәсімі өтті

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде елорданың Алматы аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында баланың алғашқы қадамдарымен байланысты «тұсакесер» рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Көрісу күнінен бастау алған Наурызнама мейрамы қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күндерімен жалғасты. Бұл күн еліміздің ұлттық мұрасына деген құрметімізді арттырып, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айқындайды. Ұлттық салт-дәстүрлердің ең терең маңызы – олар ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттың өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Әрбір дәстүр, салт, рәсім ұлттың тарихы мен мәдениетін көрсетіп, келешек ұрпаққа сабақ боларлық құндылықтарды ұсынады» деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.
Орталықтың әлеуметтік маманы Нұрбике Оңдасынқызының немересі Хадия есімді бүлдіршін таңдалып, кішкентай бөбектің тұсауы кесілді.
– Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ «баламыз тез жүріп кетсін» деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатып той жасайды. Алдымен тұсауы кесілетін баланы бір ширақ қимылдайтын ер адам «алып қашады» да, оны бірнеше келіншек қуа жөнеледі. Кім бірінші жетсе, сол келіншек қыз баланың тұсауын кесетін болған. Тұсауы кесілетін бүлдіршіннің беліне екі түрлі кәдесый байланады. Бірі жүгіртпек деп аталса, екіншісі байланбермен деп айтылады. Жүгіртпекте балалар бөліп жейтін тәттілер болған. Кім бірінші жүгіріп келіп, тәттілерді алса, сол балақай әлгі тұсауы кесілетін сәбидің алақанына алақанын тигізіп, қолын алған. Өйткені, жүгіріп бірінші жеткен баланың бойында күші басым, жігерлі деп санайды.
Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында. Сондай-ақ, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі. Содан кейін тұсауы кесілген баланы жайылған матамен немесе кілеммен қолынан жетектеп жүгіртіп, шашу шашады. Тұсаукесудегі ниет баланың алдағы өмір жолы даңғыл да дара болсын деген тілектен туады» деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаева.
Мерекелік іс-шара барысында «Әдемі» вокалдық ансамблі мен зияткерлік клубы ән мен күй тарту етіп, концерттік бағдарлама ұсынды.
Индира Бержанова