Қоғам

«Бәйтеректе» неке қиды

Астанада «Бәйтерек» монументінде Наурызнама онкүндігі аясында Шаңырақ күніне арналған салтанатты рәсім өтті. Жас жұбайларға неке куәліктері табысталып, алтын тойын атап өткен жұптардың есімдері «Жылдық мерейтой иелері кітабына» енгізілді.

Сондай-ақ мерекеге орай шаңырақ көтерген жұптарға неке куәлігін табыстау үшін Есіл ауданы әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, комиссия хатшысы Қарлығаш Сәркенова және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Динара Қуанышева келді.
Ал іс-шараға қатысқан Есіл ауданы әкімі Дәрменияр Қыдыр­бек-ұлы жас жұбайларды құттықтап, отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталды.

«Құрметті жас жұбайлар, құрметті мерейтой иелері! Жыл сайын біз осы «Бәйтерек» шаңырағының астында жас жұбайлардың неке қию рәсімінің қуанышына куә боламыз. Бүгін бұл шараға біз бәрімізге үлгі көрсететін, 50 жылдан астам бір шаңырақтың астында өмір сүріп келе жатқан ата-әжелерімізді арнайы құттықтау үшін де жиналдық. Бұл – отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін ұйымдастырылған өте маңызды шара. Жас жұбайлар, сіздер өз өмірлік серіктеріңізді тауып, Қазақстан Республикасының ең басты символдарының бірі – «Бәйтерек» шаңырағының астында некелеріңізді ресми түрде қидырып жатырсыздар. Құтты болсын!» деді Дәрменияр Қыдырбек-ұлы.

Рәсімге қатысқан жас жұбайлардың бірі – Аят Аманкелді бұл күннің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бүгін – Қазақстан Республикасында Шаңырақ күні ретінде бекітілген ерекше күн. Дәл осы күні неке қиюымыз – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл шара отбасының құндылығын дәріптеуге бағытталған деп ойлаймын. Қазір мен 24 жастамын, келіншегім – 25 жаста. Мен әскери ұшқышпын, жұбайым – дәрігер. Біз Астана қаласының тұрғындары ретінде еліміздің дамуына өз үлесімізді қосамыз» деді елорда тұрғыны.

Арайлым СЕРҚАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button