Руханият

Ұлтқа олжа салған кітап

Жуырда белгілі журналист, ақын, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар» атты зерттеу еңбегі оқырманға жол тартты. 2025 жылдың ақпан айында жарық көрген бұл кітап АҚШ архивтері мен кітапханаларында сақталған қазақ халқына қатысты құнды деректерді жүйелеп, ғылыми айналымға енгізген ерекше еңбек болды. Кітаптың жазылуына автордың «Болашақ» бағдарламасы аясында Вашингтон университетінде тәжірибеден өтіп, Америкадағы архивтерде жүргізген зерттеулері негіз болыпты.

Кітап Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен жарық көрген. Кітап авторының АҚШ-тағы ғылыми жетекшісі, Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллберг Дүйсенәлі Әлімақынның бұл тақырыптағы зерттеулерін жоғары бағалап, оны қазақ тарихы мен мәдение­тіне қатысты тың мәліметтерді жүйелі түрде іздестірген алғашқы зерттеушілердің бірі ретінде атап өткен.

– Дүйсенәлі Әлімақынның Вашингтондағы уақытында тың зерттеулер жүргізгеніне куә болдым. Ол қысқа ғана уақыт ішінде АҚШ пен Қазақстанның мәдени байланысының тарихын тың деректер арқылы зерттеді. Тіпті оны осында келіп, аталған тақырыпта жүйелі ізденген алғашқы зерттеуші десек артық емес. Нәтижесінде, ол қазақ жеріне арнайы сапармен барған саяхатшылар мен ғалымдар жазып қалдырған сирек және құнды деректерді оқырманға ұсынып отыр. Оның бұл ізденісі екі елдегі оқырмандар үшін бағалы болатыны сөзсіз, – дейді Роллберг.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – оған енген кейбір фотосуреттер мен құжаттар Қазақстан архивтерінде сақталмаған. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың сирек кездесетін фотосуреттері, Міржақыптың суреті мен қазақ әйелдерінің ауыл шаруашылығындағы еңбегін бейнелейтін фотосуреттер алғаш рет осы еңбекте ұсынылған. Сондай-ақ XIX ғасырдағы батыс ғалымдары қазақтардың дәстүрлі киім үлгілеріне ерекше назар аударып, оларды сипаттап, суретке түсіргені де осы кітаптан көрініс тапқан. Автор бір жыл бойы АҚШ Конгресінің кітапханасы, Гельман, Шекспир, Лютер Кинг атындағы қалалық кітапханаларында отырып, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді іздестірген. Сондай-ақ Питтсбург, Америка, Нью-Йорк, Джорджтаун университеттерінің ғылыми кітапханаларында сақталған қазаққа қатысты деректерді жинақтаған. Зерттеу барысында профессор Жюль Брошерельдің 1902 жылы «Шотландия географиялық қоғамы» журналында қазақтарды өз атауымен атаған мақаласы сияқты маңызды деректер табылған.

Автордың айтуынша, ол бұл тақырыппен 2018 жылдан бері айналысқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет еткен жылдары батыс ғалымдарының қазақ даласы туралы жазған еңбектерін іздеп, Конгресс кітапханасынан материалдар алып, мақалалар жазған. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істей жүріп, осы бағыттағы зерттеулерін жалғастырған. «2023 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетіне бір жылдық тағылымдамадан өтуге барғанымда, бұл зерттеу тақырыбын Вашингтон қаласындағы кітапханалар мен архивтерде жалғастырдым. «Жүргенге жөргем ілінер» демекші, нәтижесінде бір ғана Вашингтон қаласындағы кітапханаларда сақталған 70-тен астам кітаптан қазаққа қатысты деректерді қоржыныма салдым. Оның ішінде ұлтымызға қатысты 7 диссертациялық жұмыс та бар» дейді Дүйсенәлі Әлімақын.

Қазақстанда жыл сайын «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алуға мүмкіндік табатын жастар аз емес. Бірақ сол азаматтар оқумен қатар еліміз үшін қандай пайдалы жұмыстар атқарды? Егер сол азаматтардың бәрі барған жерінен Дүйсенәлі сияқты ұлтымызға қатысты деректерді жинап, елге жеткізгенде, ұлтымызға қатысты дерек қоры тіпті молая түсер еді. Осы тұрғыдан алғанда, Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар» кітабы – біздің тарихымыз бен мәдениетіміз үшін үлкен олжа, ал «Болашақты» бетке алғандар үшін үйренетін үрдіс болмақ.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button