Басты ақпаратҚоғам

«Мигрант»: заңсыз көші-қон жолын кеседі

Елімізде көші-қон тұрақтылығын сақтау және көші-қон процестерінің қылмыстық ахуалға жағымсыз әсерін азайтудың қауіпсіздік үшін маңызы зор. Осы орайда көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесу мақсатында республикалық «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы Астанада да өткізілді.

Соның барысында тәртіп сақшылары шетелдіктердің ел астанасында болуын, шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы заң талаптарын сақтауын, елден дер кезінде шығуын қадағалады. Сондай-ақ шетелдіктердің тұратын жерін, құрылыс объектілерін, базарларды, жалдамалы жұмысшыларды пайдаланатын ұйымдарды және жұмыс берушілерді тексерді. Сонымен қатар ішкі істер органдарында уақытылы тіркелмеген заңсыз көшіп-қонушылар мен заң бұзушыларды анықтауға рейдтер жүргізді.

Іс-шара кезінде көші-қон заңнамасы бойынша 361 заң бұзушылық анықталып, шетелдік азаматтар Қазақстанға кіру, тұру және шығу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еліміздің 51 азаматына шетелдіктерді заңсыз тұрғызғаны және жасырғаны үшін қау­лы шығарылды, 17 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тиісті құжаттарсыз жұмысқа тартқаны үшін жаза арқалады. Соттың шешімімен 57 шетелдік азамат елден қуылды. Сонымен қатар бұрын елден қуылса да сот шешімін орындамаған 15 өзге ел азаматы анықталды. 47 мигрантқа қатысты олардың елдегі уақытша болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданды.

– Полиция қызметкерлері Орталық Азия өңірінен келген үш шетелдік азаматты да анықтады.

Олар бұған дейін ауданаралық соттың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 4-бөлігіне сәйкес қабылданған шешімін орындамаған. Сот шешімі негізінде бұл азаматтар елден шығарылатын болды. Қазіргі уақытта шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқан жұмыс беруші анықталуда. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылданады. Астана қаласы Полиция департаменті заңсыз жүрген шетелдіктер туралы қандай да бір ақпарат болса, жақын маңдағы полиция басқармасына немесе «102» нөміріне хабарласуды сұрайды, – дейді Астана қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының сыртқы көші-қон бөлімінің бастығы, подполковник Ғалымжан Пірімбет.

Жалпы республика бойынша аталған іс-шара кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 10 мың адам анықталды. ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, елімізде болу мерзімі бойынша заңды бұзған 4,5 мың және заңсыз еңбекке тартылған 2,5 мың шетелдік белгілі болған. Заңсыз еңбекке тартылған өзге ел азаматтарының ішінде 60 такси жүргізушісі де бар.

– Сот шешімімен 1240 шетелдік елден қуылып, олардың Қазақстанға келуіне 5 жылға тыйым салынды. Заң бұзушылардың көбі жақын шетелдерден келген, дегенмен іс-шара кезінде Бангладеш, Египет, Италия, Нигерия мен Мадагаскардан келген шетелдік азаматтар да анықталды. Іздеуде жүрген 20 шетелдік ұсталды. Шетелдіктердің елге келгені туралы полицияға хабарламағаны үшін 2200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз еңбекке тартқаны үшін 500 жұмыс беруші де жазаланды, – дейді А.Аталықов.

2025 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 072 шетелдік азамат еңбек етуде. Деректерге сүйенсек, елімізде шетелдік жұмыс күшін пайдаланып отыр­ған 1710 жұмыс беруші бар. Шетелдіктер көбіне құрылыс, тау кен өнеркәсібі, карьерлер қазу, өңдеу өнеркәсібі, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында нәпақасын тауып жүр.

Қазақстандағы еңбек көші-қоны бойынша ең жоғары көрсеткішті Қытай елінен келген азаматтар құрайды. Одан кейінгі орындарда Түркия, Үндістан және Өзбекстан елінің азаматтары тұр.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button