Басты ақпаратШаһар шежіресі

Көш бастаған көпестер

Қосшығұловтар әулетінің тек кәсіпкерлікпен ғана ­айналысып қоймай, қаланың мәдени өмірін дамыту мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Бір ғана мысал, қазақ және татар жастарына арналған училище үлгісіндегі білім ошағы 1907 жылы көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың қаржысына салынған еді. Тастан қаланып тұрғызылған ғимарат бүгінге де­йін (Абай даңғылы мен Ә.Мәмбетов көшесінің қиылысында) сақталған, өкінішке қарай, 1997-1998 жылдары жүргізілген құрылыс-жөндеу жұмысы салдарынан сыртқы келбеті біраз өзгергені рас. Бұл дәулетті тұлғалардың білім қуған жастарға жасаған жалғыз және соңғы қолдауы емес еді. 1910 жылы Церковная және Училищная (қазіргі Абай даңғылы мен Отырар көшесі) көшелерінің арасынан Құсайын Бегішев, Нұрмұхамет Забиров және Қосшығұловтар қаражатына екі училище бой көтерді.

Тағы бір тарихи дерек Баймұхамбеттің ұлы Құрманғалидың тағдырына қатысты. 1914 жылы 19 ақпанда Ақмола қалалық Думасының кезекті отырысы өтеді. Онда Дума мүшелері жабық түрде көпшілік дауыспен Құрман­ғали Баймұхамбетұлы Қосшығұловты Ақмола қалалық 3-ерлер училищесінің құрметті қамқоршысы атағына сайлайды. Шешімді Ақмола және Семей облыстары халық училищелерінің директоры бекітеді. Сол кезеңге тән тағы бір нәрсе, училищенің құрметті қамқоршысы қызметін көбіне көпестер атқаратын, мұндай таңдау олардың оқу орнына материалдық жағынан ұдайы көмек қолын созып, оқу-тәрбие ісін бақылап отыруы үшін аса тиімді еді. Сондай-ақ Ақмола қалалық Думасына төрт жылдық мерзімге (1915-1919 жылдары) сайланған мүшелері арасынан да көпес Құрманғали Баймұхамбетұлының есімін ұшыратуға болады. Өйт­кені қалалық Думаның сайлауына қойылатын талаптар өте жоғары болғандықтан, оған қаражаяу жай адамдар алынбайтын, ең бай, ауқатты адамдардың арасынан таңдалып алынатын.

Қазан төңкерісінен кейін Ақмола уездік жұмысшы, солдаттар мен мұсылмандардың депутаттар кеңесі құрылғаны тарихтан мәлім. Саяси жағдайға байланысты Дума басқармасы таратылады. Елдегі азамат соғысы, қаланың контрреволюционерлер иелігіне көшуі сияқты сан-сапат жағдайға байланысты қалалық Дума басқармасы қайта қалпына келтіріледі. Ал Ақмолада Думаға соңғы сайлау 1919 жылы 24 сәуірде өткен еді. Думаның 11-шақырылымындағы төрт жылдық мерзімге (1923 жылға дейін) сайланған құрамда белгілі көпестер С.А.Кубрин, А.М.Никитин, С.М.Козулин, С.В.Халфин қатарында Құрманғали Қосшығұлов та бар еді.

Қосшығұловтар әулетінің қаланың мәдени өмірін жақсартудағы елеулі еңбегіне келсек, Ақмола қаласында құрылған татар театрына 1912 жылдан бастап қаржылай қолдау көрсетіп отырған. Оған дәлел боларлық бір факт, Ақмола халық театрының 1916 жылғы топтық фотосуретінде театр қолдаушысы Құрманғали Қосшығұлов пен балалары Хасан мен Сәлімнің бейнесі сақталған. Бұл айтып отырғанымыздың бәрі ауызекі әңгімеден жеткен долбарлар емес, ел архивінде осыларды растайтын деректер мен фотоқұжаттар жеткілікті.

ХХ ғасыр басындағы қо­ғам­дық-саяси ахуал Қосшы­ғұловтардың қызметі мен тағдырына кері әсерін тигізбей қоймады. Олар автокөлік зауытын салу, теміржол құ­рылысын дамыту сияқты арман-мақсатына жете алмай кетті. Билік басына келген большевиктер бай, көпес­тердің мүлкін мемлекет меншігіне өткізіп, кәсіпорындарын тәркілеумен айналысты, егістік пен мал жайылымдарын тартып алды. Жекеменшік иелеріне қарсы 1918-1920 жылдардан басталған күрес Қосшығұловтар әулетін айналып өтпеді. Ақыр соңында Халфин, Кубрин, Казанцев, Моисеев, Силин, т. б. Ақмола қаласының бай-көпестері тұрған үйлерге кеңестік мекемелер қоныстанды. Кәсіпкер көпестердің дүние-мүлкі, жиған-тергені талан-таражға салынып, олардың біразы қудаланып, саяси нау­қанның салдарынан РСФСР Қылмыс­тық кодексі бойынша абақтыға айдалды.

Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «…Ақмола қаласының үркердей байларына көбіне-көп, азына-аздап, үш миллион сом контрибуция (салық) салдық. Ол кезде үш миллион сом көп ақша. Байлар ақшаны бұйрық бойынша тез әкеліп, Совдептің ақша бөліміне тапсырды. Және байлардың тәуір үйлерін керекті мекемелерге алдық. Банктер, машина, бу диірмендер алдымен алынған. Байларға контрибуцияны қаланың кішкенелігіне қарағанда Ақмола Совдепі көп салды. Біз ә дегенде бір миллион мөлшерлі байлығы бар кісінің байлығының қақ жартысын Совдепке алдық» деп жазған болатын.

Ақмоладағы барлық дәулетті адамдар сияқты Қосшығұловтар да иелігіндегі кәсіпорнын, сауда орындары мен ғимараттарын, қаржылары мен банк акцияларын мемлекетке өткізді. Мысалы, Қосшығұловтардың Новая №27 мекенжайы бойынша үйі әскери комиссариатқа, ал Церковная №37 үйі пима басатын зауытқа берілді.

1920 жылы 2 маусымда контрреволюция мен іріткіге қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссия Нұркей Қосшығұловтың №105 ісін қарап, совет өкіметін құлатуға қатысқаны және түрлі сипаттағы заттарды жасырғаны үшін жауапқа тартады. Сотқа дейін алдын алу шарасы бо­йынша түрмеге отырғызуға қаулы қабылданады. Бұл іс Омбыға жіберіледі.

Ақмола уездік атқару комитеті президиумының 1921 жылғы 25 қаңтардағы отырысында қаралған мәселелердің бірінде 9-рота бөлімшесі ­бастығының Ақмола коммуналдық бөліміне Уәли Қосшығұловтың үйіндегі 2 трюмоның біреуін және сағатты рота бөлімінің басқармасына пайдалануға беруді сұраған өтініші ескеріліп, Қосшығұ­ловтар үйінен 1 трюмо мен сағат алынады.

Мал табындарын жаю әдіс­терін әзірлеу жөніндегі Ақмола қалалық комиссиясының 1921 жылғы 25 сәуірдегі отырысында қала тұрғындарының малын бағуға қазақтарды тарту, мал жоғалғанда кепілге ауқатты адамдарды тарту мәселелері қаралады. Уездік еңбек комитеті арқылы қала тұрғындары қалалық мал табындарын жаюға жұмылдырылады, қалалық табындарға кепілгер ретінде Мұхамедқали Қосшығұловты да енгізеді.

Қаладағы сауда орындары мен кәсіпорындарды тексеру кезінде Ақмола округтік қаржы бөлімі Құрманғали Қосшығұловтың кәмпит өндірісі 1927-1928 жылдары қолмен жасайтын майда жұмыс ретінде тіркеліп, тек патент алымын ғана төлеп тұрғанын анықтайды. Сөйтіп 1928 жылы қыркүйек айын­да қайта тексереді. Жалдамалы 7 жұмысшы еңбек еткен кәсіпорынға қомақты салық салынғаннан кейін, 1929 жылы Құрманғали Ақмоладан қоныс аударып, отбасымен бірге Жаңаарқадағы әкесінің туған жеріне кетеді, 1940 жылдары Қарағанды, одан кейін Жамбыл, Шымкент асып, ақырында Қырғызстаннан бір-ақ шығады.

«Новая степь» газетінің 1930 жылғы 23 желтоқсандағы санында Ақмола қаласы бойынша қалалық сайлау комиссиясының қаулысымен дауыс беру құқығынан айырылған азаматтардың тізімі беріледі. Онда Құрманғали Қосшығұловтың отбасы, аты-жөні, олардың немен айналысатыны, жалшы ұстайтыны көрсетіледі. Осылай жаза келіп, соңында газетте адамдардың аты-жөнінде кеткен қателер болса, тиісті арыз­ды Ақмола қалалық ке­ңесіне түсіруді ескертеді.
Енді бір құжатта 1934 жылы 17 ақпанда Ақмола аудандық атқару комитеті президиумының отырысында азамат Ғани Қосшығұловтың дауыс беру құқығын қайтару жөніндегі өтініші қаралып, сайлау құқығынан айырылған бұрынғы саудагердің баласы болғандықтан, бұл өтініші кері қайтарылғаны туралы жазылады.

Архив қорындағы құжаттардан 1937 жылы 2 шілдеде Қадыр Уәлиұлы Қосшығұловты Омбы теміржолының Ақмола бөлімшесіне жұмысқа қабылдау үшін Ақмола қалалық кеңесіне жазылған сұрау хат табылған болатын. Хатқа берілген жауапта Қадыр Уәлиұлының 1913 жылдан бері Ақмола қаласында тұратыны көрсетілген. Әрі қарай: «Оның әкесі Уәли 1922 жылы қайтыс болды. Оған тиесілі Пушкин көшесі, 60 мекенжайындағы екі қабатты кірпіш үй 71086 сом тұрады, 1922 жылы тартып алынған, 1925 жылы 11 мамырда мемлекет меншігіне қайтарымсыз берілгені туралы құжат бекітілді» делінген.

Қосшығұловтардың шөбересі Людмила Ғаниқызы Сурхай-Қосшығұлованың айтуынша, Құрманғали 1954 жылы Қырғызстанның қазіргі Джалалабад облысы Алай ауданында дүние салыпты. Мұхамедқали Шымкентте тұрса, Уәли 1922 жылғы, Нұрмұхамбет 1932 жылғы ашаршылықта, Мұхамедқадыр 1920 жылы қайтыс болыпты, ал Бекмұхамбет 1928-1946 жылдары Колыма лагерінде отырып келіп, 1981 жылы өмірден озса, Райхан Баймұхамбетқызы Шымкентте өмір сүріп, 1970 жылы қайтыс болған екен.

Мән берсек, Қосшығұлов­тар кейінгі ұрпағына дейін қудалауға ұшыраған тәрізді. Мысалы, Құрманғалидың ұлы Хасанның тағдырын ала­йық. Ол 1897 жылы Ақмола қаласында дүниеге келген. Хасан Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген жерінде 1930 жылы 16 желтоқсанда Қырғыз ССР-інің БМСБ (ОГПУ) органдары РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10-бабымен «Кеңеске қарсы үгіт жүргізгені үшін (колхоздастыру және индустрияландыру құрылысына қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін) тұтқындалып, нақақтан-нақақ Орта Азия БМСБ өкілдігі үштігінің қаулысымен 1931 жылы 22 ақпанда 5 жылға концлагерьге айдалып кете барады. Сөйтіп бұл есім араға қаншама жылдар салып барып, 1989 жылғы «1930-50 жж. аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты қосымша шаралар» жарлығы негізінде Қырғыз КСР-і прокурорының қорытындысымен бір-ақ ақталады.

Ақмола тарихына үңіліп, архив құжаттарының сарғайған беттерінен сыр суыртпақтағанда, алдыңыздан қаланың қоғамдық-мәдени өмірін дамытуға атсалысқан осындай бір көзі ашық, көкірегі ояу, көш бастаушы көпестер әулеті алдымен шыға келеді.

Ғазиза ИСАХАН,
Астана қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button