Мұз үстінде «Қыз қуу»

Наурыз тойын атап өту, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында «Алау» мұз айдынында Астана қаласының денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен мұз үстінде «Қыз қуу» ойыны өтті.
Шын мәнінде наурыз тойына арналған спорттық ойындардың ішіндегі ең тартымды іс-шара осы болды. Ұйымдастырушылар заманауи қыз қууды осылайша халық назарына ұсынып, дәстүр жаңғыртқысы келгенін айтады.
– Бүгінгі шараның ерекше сәті – мұз үстінде дәстүрлі қазақ ойыны «Қыз қуу» болды. Бұл ойынның дәстүрімізде терең тамыры бар әрі оны заманауи жағдайларға сай етіп, мұз үстінде өткізу арқылы жас ұрпаққа ұлттық мәдениетімізді таныту мақсатын қойдық. Біз үшін бұл шараның маңызы өте зор, себебі Наурыз мейрамы – жаңарудың, жаңа бастамалардың белгісі. Осы ерекше сәтті жастарға ұсыну арқылы, біз ұлттық спортты жаңғыртып, жастарымыздың денсаулығын нығайтуға атсалысып отырмыз. Сондай-ақ, бұрын соңды конкимен мұз үстінде ұлттық киім киген қыз-жігіттеріміз мұндай ойын көрсеткен емес,–деп атап өтті әдіскер Данияр Қалиев.
Аталған мектептің өзі қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Ал наурызнама аясында ұйымдастырылған іс-шаралар қатарында асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ қатарлы бірқанша қазақтың спорттың жарыстары көрсетілді. Одан кейін қазақы киіммен қыз жігіттер жұп-жұп болып мұз айдынына шыққанда елдің назары бірден соларға ауды. Астындағы тұлпарының орнына конки байлап шыққан қызды, қасқыр ішік жамылып, басына елтірі тымақ киген жігіт қуа жөнелгендегі көріністі кқрсеңіз, бейне бір орқоянды қуған тазы, түлкіні қуған қыран елестейді көзіңізге. Ал олардың адырнадан ытқып шыққан жебедей жылдамдығын көргенде тамсанып, таңдай қақпай тұра алмайсыз. Мәреге жетіп, артына қайырылып, алты таспа қамшымен бозбаланың арқасынан осып өткен қызды көргенде «Бәрекелді» айтып, қазақтың осы бір құндылығының замануи тұрғыда қайта жаңғырғандығына іштей қуанасыз. Шіркін, алдағы уақытта осы үрдіс жалпыласып, олимпиадалық ойындарда көрсетілсе қандай керемет болар еді?!
Шапағат ӘБДІР