Астанада жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

Елордада қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жұмыстары жалғасуда. Соның бір дәлелі – Байқоңыр ауданында Янушкевич көшесі, 10 мекенжайында орналасқан №20 учаскелік полиция пунктінің ашылуы. Әкімдіктің қолдауымен іске қосылған бұл пункт Наурыз мерекесі қарсаңында өз жұмысын бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев пен Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді қатысты.
– Учаскелік инспекторлардың жұмысы тұрғындар үшін барынша қолжетімді әрі ашық болуы тиіс. Жаңа учаскелік пункттердің ашылуы полицияның өтініштерге жедел жауап беруіне, алдын алу шараларын уақытылы жүргізуіне және халықтың сенімін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ПД бастығы Марат Төлебаев.
2025 жылдың Профилактика жылы деп жариялануына байланысты учаскелік инспекторлар “Заң және тәртіп»” қағидаты аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Олар тұрғындармен ортақ чаттарда байланыс орнатып, оқиғалар туралы жедел ақпарат алмасып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды болдырмауға күш салуда.
№20 учаскелік пунктінің қызмет аумағына үш балабақша, ондаған тұрғын үй кешені мен жоғары оқу орындары кіреді. Жалпы аумағы 75 шаршы метрді құрайтын жаңа пунктте учаскелік инспекторлар кабинеттері, азаматтарды қабылдау бөлмесі және кезекші қызметкерлерге арналған орындар қарастырылған. Мұнда бес полиция қызметкері жұмыс істейді, олар өздеріне бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ететін болады.