Әділетті Қазақстан ұран емес мүмкіндікке айналды

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа тарихи Жолдауын жариялады. Ол уақыт әлем үшін де, Қазақстан үшін де алмағайып, күрделі сынақтардың кезеңі болғанын білесіздер.
Пандемия індеті дүрбелең туғызды. Жаһандық және аймақтық қақтығыстар, санкциялық соғыстар белең алды. Біздің елге де оңай тиген жоқ. Науқаншылдықтан, жасандылықтан қажыған қоғамның өзі екіұдай көңіл күйде болды. Тіпті мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығына қатер төнген сәттерді бастан өткердік. Алдымызда күрделі жол, күрмеулі таңдау тұрды. Соның бәріне қарамай, сын сағатта Президентіміз елмен бірге болып, қиындықтарды абыроймен еңсердік. Мемлекет басшысының үш жыл бұрынғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы сын-қатерлерге берілген кесімді әрі нақты жауап болды. Бұл – елдің еңсесін көтерген, рухын оятқан, ұлтымызды ұйыстырған Жолдау!
Шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту.
Әлемде жетістікке жетудің әмбебап моделі жоқ. Жалпыға ортақ принциптер ғана бар. Ол – әділдік, еркіндік және даму. Президент қолға алған реформалардың да түпкі мәні – осы. Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сол тарихи үдерістердің куәгері әрі қатысушысы бола тұра, оның маңызын әрдайым терең сезіне бермейміз. Оны үйреншікті, күнделікті жағдай сияқты көреміз. Ал шын мәнінде кез келген тарихи, тағдырлы оқиғаларға өз уақытында, лайықты баға берілуі керек. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын еліміздің бүгіні мен болашағына тигізер ықпалы тұрғысынан дұрыс әрі жан-жақты зерделеп, саралау аса маңызды. Ол азаматтарымыздың да елдегі реформаларды жете түсініп, қабылдауына септігін тигізеді. Бүгінгі пленарлық отырыс осы мақсатқа арналып отыр. Мемлекет басшысының сол тарихи Жолдауында айтылған әр сөзі бәріміздің жадымызда. Қасым-Жомарт Кемелұлы сол кездегі қалыптасқан жағдай мен ел тағдырына қатысты ой-пайымдарын бүкпесіз, егжей-тегжейлі жеткізді. Мемлекет басшысы мен қоғамның арасында бұрын-соңды болмаған ашық, риясыз диалог халықтың билікке деген үмітін оятты, сенімін нығайтты. «Халықпен бірге» қағидасы Президент саясатының негізгі өзегіне айналды. Реформалардың қоғамның қолдауына ие болуының басты кепілі де осы.
Ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енді. Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарып-жаңғырды. Конституциялық референдум, Президент және Парламент сайлауы өтті. Жалпы бұл өзгерістер президенттік институттан басталды. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді. Бұл болашақта биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін заңды тетік болды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әлемнің санаулы мемлекеттерінде ғана бар. Осының бәрі ел мүддесі, мемлекет болашағы үшін жасалған батыл да табанды қадамдар екені сөзсіз.
Сонымен қатар түрлі деңгейдегі өкілді органдардың құрамы қайта жасақталды. Аудан, ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшті. Елдегі саяси ұйымдардың, азаматтардың белсенділігі арта түсті. Бұл қоғамды жұмылдырып қана қоймай, есейтті десе де болады. Көз алдымызда халықтың ой-санасы өзгерді. Құндылықтары жаңарды. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Басқаша айтсақ, ондаған жылдар бойы нәтижесін беріп келген жүйе өз жұмысын тоқтатады деген сөз. Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда, уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді. Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді. Сондықтан үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту процесін бастаудың маңызы зор еді. Бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануына мүмкіндік беретін жүйеден бас тарту қажет болды. Әлемде болып жатқан жағдайлар көптеген елде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және табыстау әлі күнге дейін түрлі дау мен пікірталасқа ұласатынын көрсетіп отыр. Біздің елімізде Президент, керісінше, өзінің жеке бастамасы бойынша өкілеттіктердің бір бөлігін қайта бөліп, бір реттік жеті жылдық мерзімді енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды. Яғни елімізде бұрынғы саяси құрылым мен елді басқарудың қолданыста болған принциптері түбегейлі өзгерді. Билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталатын, мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа моделі қалыптасты. Енді Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық сот және саяси партиялар пайда болды.
Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан жай ғана ұран емес, нақты мүмкіндікке айналды.
Бұл жағдайда заң шығарушы органның өкілеттіктері едәуір күшейіп, функциялары кеңейе түсті. Осылайша, жаңа Парламентке принципшіл, жаңа көзқарас ұстанатын, заман талабына сай заң шығарушылар қажет еді. Реформаларды іске асырудың бастапқы қадамы сайлау заңнамасын ырықтандырудан басталды. Ол партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден бастап барша қарапайым азаматтарға дейін күшті серпін берді. Еліміздің саяси өміріне барлық адамның араласуына нақты әрі тең мүмкіндіктер пайда болды. Біздің қоғам үшін маңызды жаңалық – партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер бойынша аралас сайлау жүйесін енгізу. Қоғам еңсесін көтеріп, болашаққа деген сеніммен белсенді түрде жаңа көшбасшылар іздей бастады.
Мәселен, тек елорданың өзінде бір мандатты округтер бойынша бір орынға алпысқа дейін адам үміткер болды. Бәсекелі және әділ сайлау қорытындысы бойынша еліміздің түбегейлі жаңа өкілді органы құрылды.
Мәжіліске өткен алты партия тәжірибесіне қарамастан, мандаттарға ғана емес, палатада басшылық лауазымдарға орналасу құқығына ие болды. Бұл – өз сайлауалды тұғырнамалары мен міндеттемелерін іске асыру үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар бір мандатты округтерде қатаң бәсекелестіктен өткен жаңа депутаттар қатарға қосылды. Депутаттық корпус түбегейлі жаңарды. Заң шығару ісіне партиялар мен сындарлы оппозициялық топ өкілдері келді. Бұған дейін Мәжіліс тек партиялық тізім бойынша қалыптасып, оның басым бөлігін жүйелі түрде бұрынғы шақырылымның депутаттары құрайтын. Олардың дені мемлекеттік қызметтегі немесе мемлекеттік қызметтің айналасындағы адамдар болатын. Жаңа Мәжілісте депутаттық корпустың 70 пайызы жаңарды. Оның бәрі – әртүрлі саладан келген жаңа тұлғалар.
Заң шығарушы органның жаңаруы Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде толықтырып отыр. Парламенттік бақылау ұғымының мән-маңызы арта түсті. Енді депутаттар халықтың еркін білдіріп қана қоймай, атқарушы билік саясатының халық мүддесіне толық сәйкес келуін қадағалайды. Бұл – билік тармақтары арасындағы классикалық тепе-теңдік жүйесінің айқын көрінісі. Қазір сайлауда жеңіске жеткен партия Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады. Президенттің бұл шешімі Мәжілістің өкілеттігін айтарлықтай күшейтті.
Парламентте заң шығару үдерісінің сипаты түбегейлі өзгерді. Бір ғана мысал. Бұрын заң жобаларының көбі Үкіметтен түсетін. Қазір депутаттар бастамашы болған заңдардың саны артып келеді. Ең бастысы, олар – азаматтардың дәл қазіргі сұранысына, талап-тілегіне жауап беретін заңдар. Қоғамды алаңдатқан барлық өзекті мәселе Мәжіліс қабырғасында ашық талқыланып, шешімін таба бастады. Көптеген күрделі түйткіл бойынша маңызды заңнамалық шешімдер әзірленді. Олардың бәрі қандай қызу пікірталастардан кейін қабылданып жатқанын көріп отырсыздар. Құмар ойынға тәуелділік, есірткі мен вейп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес және халықтың қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша аса маңызды заңдар қабылданды. Бұл қоғамның қолдауына ие болды. Зиянды әрі қауіпті өндірісте жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшының талап-тілегі орындалып, заңнамамен реттелді.
Соңғы жылдары қабылданған барлық заңға Президенттің «әділеттілік идеясы» арқау болғанын атап өткен жөн. Жердің астындағы және үстіндегі қазына-байлық халықтың меншігі деген норманы Конституцияға шегелеп жаздық. Қазір бұл принцип «Ұлттық қор – балаларға» заңы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50 пайыздан көбі мемлекетке тиесілі болады. Жер мәселесі де депутаттардың үнемі назарында. Тікелей Президенттің пәрменімен, жұртшылықтың атсалысуымен заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде екі триллион теңгеге жуық актив елге қайтарылды. Осының бәрі – Президент реформаларының жемісі. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған батыл қадамдар.
Президент реформаларының тағы бір жеңісі –халықты мазалайтын мәселелер көшеде емес, Парламент қабырғасында талқылана бастады. Біз мазмұнды, конструктивті талқылау мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Тіпті Қаңтар оқиғасы бойынша екі рет арнайы парламенттік тыңдау өткіздік.
Ашық талқылау барысында тергеу амалдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды. Оған Бас прокуратура, құқық қорғау органдары, құқық қорғаушылар және сол күндері ауыр шығынға ұшыраған кәсіпкерлер шақырылды. Елдің көкейіндегі көптеген сауалға жауап берілді. Сондай-ақ Мәжіліс жанынан құрылған Қоғамдық палатаның жұмысын да ерекше атап өтер едім. Қазір Қоғамдық палата үйлестіруші алаңға, негізгі заңнамалық бастамаларды тәуелсіз, кәсіби сараптау орталығына айналды. Осылайша, біз қоғаммен диалогтың жаңа форматына көштік. Бұл да Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру идеясымен толық үндесіп жатыр.
Жүргізіліп жатқан реформалар елімізді халықаралық қатынастар жүйесінде де жаңа деңгейге шығарды. Білікті де тәжірибелі дипломат саналатын Мемлекет басшысының басқаруымен Қазақстан жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы болып отыр. Еліміз бірден бірнеше беделді халықаралық ұйымда лайықты төрағалық етіп, өзін әлемдік диалог орталығы ретінде көрсетті. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды «өңірдегі адал келіссөз жүргізуші» деп атай бастады. Қазақстанның үлкен жетістігі – бұл БҰҰ Бас ассамблеясының Алматы қаласын Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік орталығы ретінде бекітуі. Бұл халықаралық аренадағы жауапты әрекетімен және уақыт талабына сындарлы көзқарасымен ерекшеленетін еліміздің орта держава ретіндегі рөлін бекемдей түседі. Енді біздің алдымызда өз ұлттық мүдделері бар, жетілген мемлекет ретіндегі миссиямызды, өркениеттік кодымызды, мәдениетіміз бен тарихымыздың маңызын әлемдік қоғамдастыққа жеткізу міндеті тұр. Президент жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында біздің алдымызға дәл осындай міндет қойды.
Күні кеше ғана біразымыз Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатыстық. Бүгінде Ұлттық құрылтай жай ғана форум емес, ықпалды қоғамдық-саяси институтқа айналды. Ол – алуан пікірдің алаңы, ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтардың бас қосатын ортасы. Құрылтайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын айқындады. Бұл – ұлы мұраттарға бастайтын, халыққа сенім мен рух беретін бұлжымас бағдар. Біз мүлде жаңа, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан тарихи дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ал тарихта екінші мүмкіндік деген болмайды. Халық, ұлт ретінде соны түсінуіміз керек. Өткеннен сабақ алып, сараптап, болашаққа сеніммен қадам басу – нағыз жасампаздықтың белгісі. Жарқын болашақ дегеніміз тағдырдың жай ғана сыйы емес. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Бұл жолда ұлт болып, жұрт болып жұмылып, бірге жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы