Қоғам

«Азамат» бағдарламасының алғашқы саны эфирге шықты

«Хабар» телеарнасында 15 жылдық үзілістен кейін жаңаша форматта қайта көрерменге жол тартқан танымал «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының алғашқы саны эфирге шықты. Жаңартылған жоба ұлттық спорт тақырыбын арқау етіп, қазақ қоғамының рухани-мәдени дамуына үлес қосуды мақсат тұтты.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымында еліміздің екі жетекші жоғары оқу орны – Нархоз университеті мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері өзара пікір таластырды. Бірінші тарапты Нархоз университетінің студенттері Айсұлу Талғат пен Ерасыл Мырзалиев таныстырса, қарсы тарап ретінде Еламан Қалиәскер мен Алуа Бекбаулова өнер көрсетті.

Жоба еліміздегі 100-ден астам жоғары оқу орнының ішінен іріктеліп алынған 32 университет командасы арасында өтеді. Турнир олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылған: жеңген команда келесі кезең – 1/8 финалға өтеді, ал жеңілген команда жобамен қоштасады. Қазіргі таңда алғашқы тур ойындары басталып кетті.

Қазылар алқасының құрамында саланың беделді тұлғалары отырды: Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Алихан Байменов, «Көкпар» федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров, Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Рамазановна, дәстүрлі садақ атудан көшпенділер ойынының жеңімпазы Бақберген Сәлімов және Qazaq Debate қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан.

Пікірсайыс барысында Нархоз университетінің өкілдері ұлттық спорттың дамуындағы нақты жетістіктерге тоқталды: 2023 жылы елімізде 113 жаңа спорт нысаны салынғанын және 26 нысанның жаңғыртылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық спорт университетінің құрылысы да көтерілді. Олар ұлттық спортты халықаралық деңгейге шығару үшін ортақ ереже мен жүйе қажет екенін атап көрсетті.

Қарсы тарап ұлттық спорт пен ұлттық ойындардың аражігін нақты ажыратып, спортты бұқаралық сипатқа айналдыру қажеттігін алға тартты. Олар Орталық Азияда жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйеніп, респонденттердің 30%-ы футболды көретінін, ал небәрі 3,8%-ы ғана ұлттық спортты таңдағанын мысал етті.

Қазылар шешімімен жеңіске жеткен Нархоз студенттері ұлттық спорт тек тарихи мұра емес, болашақтың маңызды бөлігі екенін дәлелдеп шықты. Олар оның ережелерін заман талабына сай, түсінікті әрі тартымды ету қажет екенін айтты.

Аталған жобаны жүзеге асыруға ҚР Парламенті Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау білдірген.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button