Қажырлы қарттық сыйлаған орталық
Зейнетке құрметпен шығарып салған соң егде жастағылардың көбі қоғамнан шет қалады. Әңгіме-дүкен құрар ортасы шектеліп, бір тұйыққа тіреледі, содан қалжыраған қарттықтың қармағына тез түседі. Сондай жандардың, жалпы барлық зейнеткерлердің әр күніне сән беріп, түрлі үйірмелер мен жиындарға тарту арқылы бос уақытын қызықты, өмірін мәнді, өздерін қажырлы етуге бағытталған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Астанада 2022 жылы алғаш рет құрылды. Ұйымның бүгінгі жұмысы мен зейнеткерлердің сол жерде уақытты қалай өткізетіні туралы орталық директоры Мұхтар ЕРКЕТАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Бүгінде Астананың 5 ауданында орталықтың филиалдары жұмыс істейді. Онда зейнет жасындағы адамдардың өмірін ұзартып, денсаулығын жақсарту үшін мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік бағыттағы өмір сүру дағдыларына бейімдеу жұмыстары белсенді жүргізіледі. Елімізде мұндай тәжірибе бұрын-соңды болмаған. Ұйым жұмысын жолға қою қиын болмады ма?
– Позитивті, жақсы ой, сергек қимыл, белсенді өмір сүру адамдардың ғұмыр жасын ұзартады. Ол жалғыздықтан, күйзелістен құтқарады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы – осындай пайдалы ниеттен туған бастама. Өзім көптеген жоғары лауазымды қызметтерде істеп, 2008 жылдары зейнетке шықтым. Жан-жағыма қарасам, зейнеткерлердің көбі құрметті демалысқа шыққаннан кейін жалғыз қалады екен. Сосын өзімнің жолдастарыммен бірге қаражат жиып, шағын зерттеу өткіздік. Соның нәтижесінде Астанадағы зейнеткерлердің 16 пайызы жападан жалғыз тұратынын анықтадық. Балалары шетелдерге жұмыспен кеткен. Үйіне барсаң, әбден іші пысқан, кірген адамды қайта жібергісі келмейді, әңгіме айтып, мәре-сәре болады. Көрші-қолаң да бір-бірімен араласпақ түгілі, зорға амандасатын заманға жеттік. Қыста тіпті мұндай қарттар далаға аптасына 1-2 рет қана шығады екен. Жазда ғана аулада өзі сияқты қарттармен бас қосады, онда да уақыт көп, ананы бір, мынаны бір айтып, билікті сынап, әңгімесі өсек-аяң, жамандаудан аспайды. Сөйтіп, осы ойымызды жүзеге асыру үшін Астана қалалық Ардагерлер қоғамының төрағасы Есілов Сансызбай Сейітжанұлымен ақылдасып, сол кісінің демеуімен мәселені қолға алып, Достық көшесі, №13 үйдегі 160 шаршы метр бір орынды жалға алдық. Алдымен бұл бастаманың тиімділігін, қазіргі зейнеткерлерге ауадай қажеттігін біздің аудандық ардагерлер кеңесінің басшылары түсініп, әкімге, әкімнің аппаратына дәлелдеу үшін өз бетімізше бірігіп, 2020-2021 жылдары сол жерде 1,5 жыл жұмыс істедік. Пандемияға қарамастан қаладағы зейнеткерлердің басын қосып, кезінде түрлі салаларда кәсіби тұрғыда еңбек еткендерді және волонтерлерді орталық жұмысына тарттық. Соның өзінде 2 мыңға жуық замандастарымызға тегін қызмет көрсетілді. Осы аралықта біз бұл орталықтың қажет екенін толық дәлелдедік. Ең бірінші керек дүние – кездесіп, қауқылдасып, шер тарқатып, осылайша олар жалғыздықтан құтылады. Екінші мәселе – олардың денсаулығын сақтау.
Зейнеткерлердің ішінде 80 пайызында түрлі аурулар бойынша патологиясы бар, 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы. Ауру тамақты дұрыс, уақытылы ішпегеннен, қимылдың жоқтығынан жабысады. Сондықтан олардың қимыл-қозғалысын реттеу жұмыстарын ойластырдық, көбірек жаяу жүруге дағдыландырдық. Қартайған сайын адамның еске сақтау қабілеті төмендеп, алцгеймер ауруына шалдығады. Орталыққа келу арқылы «үйде жарықты өшірдім бе, есікті кілттедім бе, қай автобуспен, қай жерден отырамын, қалай қайтамын?» деп ойландыру арқылы олардың миы белсенді жұмыс істеп, бұл олардың жадын қайта қалпына келтіруге ықпал етті. Солай зейнеткерлерді үйден шығардық, келген соң енді қалай жұмыс істеу керектігін ойландық. Басында қаржы да дұрыс болған жоқ, жабдықтар да жоқ еді. Сол себепті алдымен скандинав таяғымен жүргізуге үйреттік, қазір байқасаңыз қалада біз үйреткен зейнеткерлер сол таяқпен көп жүретін болған. Сөйтіп орталық жұмысы керектігін толық дәлелдеп, қалалық Ардагерлер кеңесі арқылы қалалық Ішкі саясат басқармасынан мемлекеттік тапсырыс алдық. Сонымен тағы бір жыл жұмыс істедік. Содан кейін 2022 жылы 5 қаңтарда орталық ресми түрде құрылып, жұмысын бастады.
– Мұхтар Дүйсенұлы, орталық жұмысына зейнеткерлер тарапынан қызығушылық күрт артып, қатарыңыз тез көбейген секілді… Басқа аудандардан филиалдар ашу жұмыстары қалай жүрді?
– Иә, бірінен бірі естіп, келушілер қатары артып, 6 мың адамға жеттік. Бәріміз бір орталыққа сыймай бастадық. Әрі қарай қаржы беруін сұрадым, сосын наурыз айындағы бюджетті нақтылау кезінде бізге тағы ғимарат жалдауға қаржы бөліп, Байқоңыр ауданынан филиалымызды аштық. Одан әрі Сарыарқа, Алматы аудандарынан және биыл Нұра ауданынан ашып, жұмысын жүргізіп отырмыз. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қарамағындамыз. Бюджет қаржысы сол басқарма арқылы түседі. Ай, тоқсан, жарты жыл және жыл сайын есеп беріп отырамыз.
– Бүгінгі таңда қаладағы зейнеткерлердің бәрін қамти алдыңыздар ма?
– Қалада қазір 126 мың зейнеткер бар. Жүргізген зерттеуіміз бойынша солардың 46 мыңына біздің қажеттілігіміз жоқ. Өйткені олар – кезінде шенеунік болып, зейнетке шыққандар. Олар қартайған шағын қалай қызықты өткіземін десе де, жағдайы жетеді, спа-салонға да, фитнес орталыққа да барады. Қалған 22 пайыз зейнеткерге де орталық қызметі аса қажет емес, себебі жеке жер үйде бала-шағасы, немерелерімен бірге тұрады, араласатын құда-құдағилары, қимылдап, егін егетін бау-бақшасы бар, жазда сонда жұмыс істейді, қыста қар күрейді, одан қалса тойға барады, қарым-қатынасы жақсы. Сонда қалған 38 пайызы, яғни 60 мыңнан астам зейнеткерге ғана біздің орталық қажет. Олардың көбі Есіл, Нұра аудандарында тұрады. 2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша орталыққа 13 302 зейнеткер тіркеліп тұр, ал қалғандары келуге ерінеді, түрлі сылтау айтады. Дегенмен біз оларды өз қатарымызға үнемі шақырып отырамыз.
– Әбден жұмысы жолға қойылған орталық қызметі қазір қалай жүруде?
– Орталықта 20 түрлі бағыт бойынша секциялар және сабақтар өткізіледі. Жақсы жабдықталған тренажер залдары, компьютерлік сауаттылыққа үйрететін сыныптар, вокалмен, шығармашылықпен айналысуға арналған залдар бар, поэзия кештері, кітаптардың таныстырылымы және басқа да түрлі мәдени іс-шаралар жиі өткізіліп отырады. Сонымен қатар мұнда келген зейнеткерлер мемлекеттік және ағылшын тілін үйрене алады. Көңіл-күйін реттеуге арналған сенсор бөлмелер, электрлік-массаж орындықтар, тізе мен аяқ бұлшық еттеріне массажерлер де алынған. «Атадан балаға аманат», «Интеллектуалдық ойындар», «Super Velo star», «Теннис», «Оқу және поэзия клубы», «Күміс волонтер», «Домбыра үйрену», «Хор, вокал», «Гитара үйрену», «Караоке», «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Кілем тоқу» және басқа да бағыттарда 25 клуб жұмыс істеуде. Былтыр күзден бастап бассейн мен тұзды шахта қызметі де сол қатарға қосылды. Жаттығу терапиясы, йога, Цигун тыныс алу жаттығуы, айкүне, кунг-фу, би, скандинавиялық жүріс, арт-терапиясы, еңбек терапиясы, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері де ашылған. Әр зейнеткер бір мезгілде 3 үйірмеге жазылып, үш ай көлемінде тегін қызмет ала алады. Күн сайын барлық филиалдарға 2 мыңнан астам зейнеткер келіп отырады. Соның ішінде Есіл аудандық филиалына өте көп келеді. Әр секцияның бекітілген кестесі бар. Филиалдардың әрқайсысында басшысынан бөлек өзінің психологы, мәдени, әлеуметтік және медициналық қызметкері еңбек етеді.
Орталықтағы зейнеткерлердің ең үлкенінің жасы 90-да. Осы жас шамасында 28 зейнеткер болса, соның екеуі ғана өздігінен келеді. Тұрақты келетіндер – 63-73 жас аралығындағы зейнеткерлер, олардың үлесі – 70 пайыз. Қалған 18 пайызы – 73-85 жастағылар. Тағы бір айта кетерлігі, барлық келушілердің 91 пайызы – әйелдер. Секциялар жұмысы зейнеткерлердің денсаулығы мен заманауи машықтарды меңгеру бойынша қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Мемлекет бюджеті тек жалдау мен жалақыға ғана бөлінеді, ал орталықта түрлі іс-шаралар өткізу, марапаттау жұмыстарына қаржыны біз меценаттар арқылы табамыз. Қазір бізде сол жағынан көмек беретін 18 меценат бар. Ресми республикалық мерекелер кезінде бүкіл филиал бірігіп, жазда далада, қыста ғимаратта ортақ іс-шаралар өткіземіз. Жай кәсіби мерекелерді әр филиал өзі бөлек өткізеді. Сонымен қатар әр филиал айына екі рет өздерінің кешін ұйымдастырады. Сол кезде олардың қалай жасанып, киініп келгенін көрсеңіз, бәрінің жүзі жарқырап, көзі жайнап, құлпырып кетеді, билегінін көрсеңіздер қандай тамаша! Соған қарап біз табанды еңбекпен құрған бұл орталықтың жұмысы бекер емес екеніне тағы да көз жеткізіп, одан әрі құлшына қызметімізді жалғастырамыз.
Сұхбаттасқан
Райхан РАХМЕТОВА