Ауылдарды дамытуға 8 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды

Елімізде ауылдық аймақтарды дамыту үшін Үкімет тарапынан бірқатар шара қолға алынды. 2025 жылғы деректерге сәйкес республикада 6179 елді мекен бар, мұнда 7 жарым млн халық өмір сүріп жатыр. Былтыр ауылдық жерлерде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7,9 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққанда еңбек өңімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жетті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков ОКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап түрлі елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі іске асырылуда. Бұл жүйе әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің нақты көрсеткіштерін, халықты көліктік, мәдени-спорт, іскерлік, өндірістік, цифрлық қызметтермен қамту деңгейін көрсетеді.
«Аталған жүйенің нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы орташа қамтамасыз ету деңгейі 65,8%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Қамтамасыз ету деңгейі жоғары немесе қамтамасыз ету деңгейі орташа ауылдардың санының артып келе жатыр. Нақты айтсақ, қамтамасыз ету деңгейі жоғары, яғни 80%-дан асқаны 1435 бірлікке шығып отыр. Бұл 2023 жылға қарағанда 119 ауылға артып отырғандығын көрсетеді. Ауылдарды ауыз сумен қамту деңгейі 97,8%-ға, электр қуатымен қамту деңгейі 99,8%-ға жетіп отыр», – деді спикер.
Бүгінде Министрлік тарапынан 2023-2027 жылдарға арналған Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Бұл құжат ауыл өмірінің әртүрлі саласын қамтитын бірқатар бағдарламалық құжаттың ережелерін біріктірді, соның ішінде «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл – Ел бесігі»,«Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың тұжырымдамасы, «Бір ауыл-бір өнім» жобалары бар.