Санкцияланбаған қоқыс үйінділерін болдырмау жолдары туралы айтты

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында санкцияланбаған қоқыс үйінділерінің алдын алу жұмысы туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Күн сайын коммуналдық қызметтер шамамен 1200 тонна қоқыс шығарады. Коммуналдық қалдықтарды басқару саласында цифрлық құралдарды енгізу бойынша мынадай жұмыстар жүргізілді:
– контейнерлік алаңдарды, полигондарды, көлік құралдарын және т.б. қамтитын қатты тұрмыстық қалдықтар инфрақұрылымының цифрлық картасы жасалды;
– қызмет тұтынушылары туралы деректер цифрландырылды;
– шарттар бойынша операциялар, сондай-ақ логистика және қатты тұрмыстық қалдықтарды әкету мониторингі цифрлық форматқа ауыстырылды.
Жасанды интеллект элементтерінің көмегімен сол уақыттағы ауа райы жағдайлары мен жолдардағы кептелістерді ескере отырып, оңтайлы маршруттар қалыптасады. Қоқысты шығару фактісін растаудың екі деңгейі енгізілді, оның ішінде көліктің тиісті орынға келгені туралы GPS растауы да бар. Осылайша, цифрлық жүйе коммуналдық қалдықтарды кепілдендірілген шығару жүйесін құруға мүмкіндік берді. Цифрлық жүйені енгізу және күтіп ұстау мемлекеттік қаржыландырусыз, қоқыс шығаратын компаниялар есебінен жүргізіледі.
Сол сияқты тұрғындар санының жыл сайынғы өсуі, пайдалануға берілетін тұрғын үй кешендерінің аумағының артуы қалдықтардың жиналуы мен түзілу нормаларының ұлғаюына алып келеді. Осыған байланысты рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуы өзекті мәселе болып қала береді, олардың 95%-дан астамы құрылыс қалдықтарынан тұрады.
Мәселен, былтыр ғарыш-мониторинг нәтижелері бойынша 414 заңсыз пайда болған қоқыс орны анықталды, оның 90%-дан астамы жойылды. Қалған бөлігі жақын арада ауа райы қолайлы болған кезде жойылады.
Жаңа санкцияланбаған қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу үшін Экология министрлігімен бірлесіп, Астана қаласының аумағында құрылыс қалдықтарын басқару қағидаларының жобасы әзірленді. Ол құрылыс қалдықтары мен қоқыстарды есепке алу және бақылау бойынша цифрлық құралды енгізуді регламенттейді.
Бұл ережелерді осы жылдың сәуір айының соңына дейін бекіту жоспарланып отыр. Осыдан кейін барлық құрылыс алаңынан әрбір рейс бойынша құрылыс қалдықтарын есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізуді бастаймыз. Шараларды іске асыру құрылыс қалдықтарын шығаруды регламенттеуге, мемлекеттік бақылау орнатуға және рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуын болдырмауға мүмкіндік береді», – деп жазды Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында.