Елорда тынысы

Әлеуеті зор жоба

Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан JOLTAP әлеуметтік жобасы бүгінде қала тұрғындары арасында кең танылып келеді. Әлеуеті зор жобаға қатысушылар қысқа мерзімді тегін курстардан өткен соң өз салаларында жетістіктерге қол жеткізуде.

Әуелгі мақсат елорда тұр­ғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру және еңбек нарығында тиімді жұмыс істей алатын, қажетті дағдыларды игерген мамандарды дайындау болса, жоба діттеген үдеден шығып келеді. Оған қатысушылары цифрлық технологиялар мен интернет-қызметтерді пайдалана отырып, өз кәсіптерін дөңгелетуде. Солардың бірі, қала тұрғыны – Айнаш Тілеуханова. Ол бірнеше курсты аяқтап, игерген дағдыларын қонақтарға арналған жиһазды жалға беру бизнесін дамыту үшін қолданып жатыр.

«Мен үйде және мейрамханаларда болатын отбасылық той және басқа да мерекелік іс-шараларға жиһаз, ыдыс-аяқтарды жалға беріп, кәсіпкерлікпен айналысып отырмын. JOLTAP жобасы арқылы бір емес, бірнеше курсты тегін оқып алдым. Оның ішінде мобилография, SMM, видеомонтаж, графикалық дизайн және Kaspi арқылы сауда жасаудың негіздері бар. Мұның бәрі кәсібімді дамытуға пайдасын тигізіп жатыр. Өз аккаунтымды жүргіземін, контент жасаймын. Сондай-ақ жоба арқылы мақсаты бір, неше түрлі идеялары бар адамдарды таптым» деді жоба қатысушысы Айнаш Тілеуханова.

«Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы қысқа мерзімді оқуға жазылуға, jumystap.kz сайтына тіркелуге және жоба серіктестерінен жұмыс табуға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша кеңес алуға болады, оның ішінде жастарға арналған несие, тұрғын үй кезегі, АӘК алу және т.б. кеңестер беріледі. Сонымен бірге ЭЦҚ кілтін алу, кезекте қызметтері сияқты цифрлық көмек көрсетіледі.

Жұмыс іздеуге және қызметкерлер табуға арналған JUMYSTAP платформасында қаланың 2 мың жұмыс берушісінен 3 мыңнан астам вакансия ұсынылған. Аталған платформаның 14 мыңнан астам бірегей қолданушысы бар.

Осылайша, қаладағы әлеуметтік және еңбек мәселелерін шешуге бағытталған маңызды бастама тұрғындардың цифр­лық қоғамға бейімделуіне және өз кәсібі бойынша жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button