Мәслихат

Мәдениеттің Мәскеудегі салтанаты

Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында бірқатар ресми кездесулер өтіп, түрлі салалардағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Елорда мәдениетінің Мәскеудегі үш күн бойғы салтанаты гала-концертпен түйінделді.  

Мәскеу қалалық Думасының төрағасы Алексей Шапошников­пен жүздесуде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Қазақстанның жас астанасының тарихы тәуелсіз елдің жаңа тарихынан ажырағысыз екенін айта келе, осы жылдар ішінде еліміздің барлық өңірлерінен жүздеген мың қазақстандық елордамызды салуға және жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Астана мәслихатының құрылымы, оның мақсаттары мен міндеттері, елорданың қалай дамып жатқаны туралы айтты.

Кездесуде қос тарап көлік, коммуналдық шаруашылық, медицина, реновация, әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы озық шешімдермен тәжірибе алмасуды жүзеге асыруға келісті.

– Астана мен Мәскеу арасында жақсы ынтымақтастық тәжірибесі қалыптасты. Біз қала құрылысы, мәдени мұраны сақтау, креативті индустрияны дамыту саласында өзара іс-қимыл жасаймыз, – деді Ерлан Каналимов.

Астана мәслихатының төрағасы мәскеулік әріптестерді Астанаға келуге шақырды және осы сапарлар аясында алдағы 5 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын жасауды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.

Шығармашылық индус­трияны дамытуға арналған дөңгелек үстел отырысында Астана мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасауды тапсырғанын атап өтті. Мәскеу Үкіметінің министрі Сергей Черемин қатысқан жиында Ресей астанасы осы салада көш бастап тұрғаны, Астананың Мәскеуден бұл тарапта үйренері бары айтылды.

– Астана – елорда ретінде бүгінде осы саланы дамыту бойынша елдегі көшбасшылардың бірі. Шығармашылық индустрия инфрақұрылымының тізбесіне концерттік қызметті дамыту, көрмелер өткізу, мұражай және театр қызметі, сондай-ақ цирк өнері және IT дамыту салаларындағы 26 объект кіреді, – деді Астана мәслихатының төрағасы.

Мәскеу Халықаралық музыка үйінің сахнасында өткен гала-концертте Қазақстанның Халық әртістері Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі мен камералық хоры, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, «Terra» би театры, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ержан Тоқсабанов, Райымбек Тарихов, Мейрам Айтмағамбетов, Михаил Кандауров, Назым Сағынтай өнер көрсетті. Балет әртістері Бақтияр Адамжан және Әйгерім Бекетаева, «Үлкен опера-2023» тележобасының жеңімпазы Дінмұхамед Көшкінбаев, «Новая волна-2014» балалар байқауының жүлдегері Мұхаммедәли Жүгінісов және «Junior Eurovision-2020» халықаралық байқауының жүлдегері Қарақат Башанова, виртуоз-пианист Темірлан Бейсенбай өнерлерімен мәскеуліктерді тәнті етті.

Астана қаласының делегациясы Мәскеу қаласына ресми сапар аясында халқымыздың біртуар перзенттері, ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек еткен Әлихан Бөкейхан мен Жүсіпбек Аймауытов басына барып, зиярат етті.

– ХХ ғасыр басында Әлихан атамыз бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті. Ол ағарту ісінен бастап ел, ұлт тағдырына қатысты мәселелердің бәрімен айналысты. Талантты шығармалар қалыптастырды, тарих пен этнология саласында айтулы туындыларын жазды, қазақ ұлттық баспасөзінің дәстүрін түзді, әдебиет саласында елеулі із қалдырды. Жүсіпбек Аймауытов – шын мәнінде, қазаққа берілген, ұлты үшін жанын қиған, уақыт өткен сайын биіктей түсетін біртуар тұлға. Жүсіпбек атамыз – көрнекті жазушы ғана емес, сол еңбектерімен халық азаттығын мұңдаған, елінің ертеңін ойлап еңіреген, ұлтының болашағын ойлап еміренген азамат. Алаш ұстанымы – ұлт мұраты. Қазақтың маңдайына біткен арда азаматтардың ерлігін ардақтап, жастардың бойына сіңіру – азамат ретінде міндетіміз деп санаймын, – деді Ерлан Ермекұлы.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарынан құралған делегация Санкт-Петербург қаласына ресми сапармен барды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button