Ұлы дала үндестігі

– Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда жаңа бастамалар мен жоспарлар ұсынылып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына бағытталған реформалар талқыланды. әз-Наурыздың алғашқы күнімен үйлес келген құрылтайдың негізгі өзегі – тұрақтылық пен тыныштық.
Сонымен, Бурабай құрылтайы еліміздің экономика, ішкі және сыртқы саясат, ономастика, салық, қоғамдық әдеп, мәдениет пен өнер, соның ішінде ұлттық нақыштағы мультфильм, кино өндірісі, спорт және басқа да көптеген толғақты мәселелер егжей-тегжейлі талқыдан өтті.
Төл тарихымызға айрықша тоқталған Мемлекет басшысы оның көкжиегі кең, тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді деп атап өтті. Сөйтіп, оған тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарау керек деген ойды ұғындырды.
Ғылым мен білім де ешқашан назардан тыс қалып көрген емес. Ғылымды дамыту, оның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін әлі де көп жұмыс жасап, ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән бергеніміз абзал.
Президент білім мен тәрбиенің қатар жүруінің маңыздылығын да атап өтті.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды» деген сөзі осының айғағы болса керек.
Биыл – Ұлы Абайдың 180 жылдығы. Алыс-жақын елдерде Абай институтын құру жөніндегі Президент ұсынысы қолға алына бастады. Шет мемлекеттерде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық ретінде ол Гете, Конфуций, Сервантес институттары секілді миссияны атқаратын болады.
Осы алқалы жиын, ондағы әңгіме арқауына айналған көкейтесті мәселелердің бәрі еліміздің нығаюы мен өркендеуі жолындағы маңызды қадамдар деп санаймын. Біз Қазақстанның жарқын болашағына жету үшін барлық күшімізді жұмсаймыз.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің ректоры, академик