Құрылтайдан халықтың күтері көп

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Ата заңға түзетулер енгізуде Парламент құзіреті кеңейтіліп, Үкімет жауапкершілігі артқанын, адам құқықтарын қорғау жүйесінің ілгерілеп жатқанын тілге тиек етті. Әрі жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше назар аударып, білім мен тәрбиенің егіз ұғым екендігіне баса назар аударды.
Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы «Білім және денсаулық мәселелері» комиссиясының мүшесі ретінде бұл тақырыптың өзектілігін терең түсінемін. Ұрпақ тәрбиесі – тек ата-ананың немесе мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сол себепті осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, жас буынды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Мемлекет басшысы тағы да назар аударған мәселе – бұқаралық ақпарат құралдары, медиа саласы арқылы ұрпаққа ұлттық тәрбие беру. Алдымен ата-ана енді дамып келе жатқан сәбиінің алдында үнді немесе түрік сериалдарын қарамай, керісінше қазақ тіліндегі мультфильмдерді бірге көріп талқыласа, сол арқылы тілі де, танымы да, ойы да, көзқарасы да дамитынын түсінер еді. Балаға дағдыны ерте бастан қалай қалыптастырсақ, солай кететінін әр көзі ашық адам біледі. «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Президент «Шоқан. Қашқария сапары» мультфильмін тілге тиек ете отырып, балалардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылығын ояту, сол арқылы тарихи тұлғалар өмірі мен шығармашылығын насихаттау, мультфильм арқылы ұлттық тәрбие беру үшін бала болашағына ықпал ететін анимацияны дамытуды тапсырды.
Тағы да құрылтай аясында елімізде кітап оқу күні белгіленуі туралы сөз қозғалды. БАҚ-тың орта білім беру жүйесіндегі пайдасы, ол арқылы балаларға мектеп қабырғасынан газет оқуға ынталандыру, кітапханашылардың қызметін жүйеге келтіру мәселелері сөз болды.
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Оқырмандар саны көбейсе, ұрпақты бала кезінен кітапқа қызықтыра алсақ, саналы, білімді, сөзге шебер, еркін азамат болатынын білеміз. Мемлекет басшысы кітап сөрелерінде қазақ тілді әдебиет санын көбейтуді тапсырды. Сонымен бірге бұл құрылтай аясында ойын бизнесін жарнамалауға тыйым салу, тарихи ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорғау, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, батырлар есімін ұлықтау, есірткі қылмысына жазаны күшейту, ономастика ережелерін жаңарту бастамалары айтылды.
Алдыңғы құрылтайда сөз болған ең іргелі құндылықтар – бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық еліміздің өсіп өркендеуі үшін ешқашан күшін жоймайды. Президенттің құрылтайда сөйлеген сөзі әр қатысушыға үміт ұялатып, ел дамуына серпін беретін қажырлы еңбекке шақырғандай.
Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Астана қаласындағы №2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының директоры