Салт-дәстүрмен тәрбиелейік

– Президенттің Бурабайда өткен құрылтайы – еліміздің болашағына бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Біз, ардагерлер, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып келе жатқан азаматтар ретінде, бұл шараның маңызын терең түсінеміз. Президенттің бастамалары әрқашан да елдің тұрақтылығы мен экономикалық өсіміне бағытталады. Бұл құрылтайда айтылған мәселелер халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік және экономикалық реформаларды жүзеге асыру, жастарға қолдау көрсету сияқты маңызды бағыттарды қамтыды. Сондай-ақ ұлттың болашағына тікелей қатысты дін мәселесін де Президент назардан тыс қалдырмаған екен.
«Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды» деді Мемлекет басшысы.
Шын мәнінде бұл – жастарға үлгі боларлық сөз. Біз ардагерлер қауымы ең бірінші ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу мәселесі бүгінгі таңда өте маңызды тақырыптардың бірі деп есептейміз. Әсіресе, жастарды дінге ұрынбау үшін, ең алдымен, олардың өз мәдениеті мен дәстүрлерін терең түсініп, құрметтеуін қалыптастыру қажет. Өйткені жастарды өз елінің салт-дәстүрін құрметтеуге үйрету олардың ұлттық болмысын сақтап, жат діни ағымдар мен теріс идеологияларға ұрынбауына көмектеседі. Қазақтың ұлттық құндылықтары жастарға өзінің тамырларына, ата-бабаларының жолына, ұлттың тарихына деген мақтаныш сезімін оятады. Бұл дәстүрлер жас ұрпақтың санасына дұрыс бағыт беріп, оларды дұрыс таңдау жасауға, қоғамда үйлесімді өмір сүруге тәрбиелейді. Сондықтан біз бұл бағытта қоғам болып әр нәрсенің жақсы жағын қабылдауға, үйренуге атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Ардагерлер ретінде біз өз тәжірибеміз бен білімімізді жастарға жеткізіп, елдің болашағы үшін алдағы уақытта да өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Ал бұл құрылтай әрбір қазақстандықтың өз отанына деген патриоттық сезімін арттырып, ортақ мақсатқа жетуге деген ұмтылысын күшейтеді деген сенімдеміз.
Марат МҰСТАФИН,
Астана қаласы Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері