Астанада тұрақты тіркеуді шектеу бюджетке әсер ете ме?

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Сенатта өткен дөңгелек үстелден кейін өткен баспасөз мәслихатында Астана пәтерлеріне тұрақты тіркеуге тұрушылардың баспана шаршы метріне қарай шектеу шарасы нормасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Журналист аталған ұсыныстың қала бюджетіне түсетін салыққа қалай әсер ететінін сұраған еді.
— Астана, Алматы, Атырау қалалары бюджетке донор болып отырғаны рас. Жыл сайын күтілген болжамдардан артық түсім келіп жатыр. Оның бірнеше себебі бар. Астана тұрақты тіркеуге тұратындардың санын шектеу салық түсімдерін азайта ма дегенге келсек, мен олай болады деп ойламаймын. Біріншіден, жыл сайын жақсы динамика байқалып отыр. Тіркелген кәсіпкерлер саны артып келеді. Астана бюджетінің әлеуметтік бағыттағы ғана емес, даму бағытындағы шығыстары да артып отыр. Сондықтан, менің ойымша тіркеуге шектеу қоюдан бюджет көлемі азаяды деп күтіп отырған жоқпыз, — деді Азамат Әмрин.
Бұған дейін Астанада тұрғындарды пәтерге тіркеуге қоюдың жаңа тәртібі қашан қабылданатынын жазған едік.