Қоғам

Құстарға қамқорлық

Халықаралық құстар күніне орай елорданың №79 мектеп-лицейінде «Құстарды сақта!» акциясы өтті. Құстарға қамқорлық танытуға, жас ұрпақтың бойында жанашырлық сезімін қалыптастыруға бағытталған акцияға 100-ге жуық ата-ана мен бала қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

– Мектебімізде «Жақсылық жаса» атты ұранымен бірқатар игі іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жалпықалалық акцияның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сүюге тәрбиелеу, тұрғындар мен мектеп оқушыларының экологиялық көзқарасы мен табиғат алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру, экологиялық мәдениетті арттыру, сонымен бірге табиғатты қорғау жұмысына араластыру. Бұл акцияны 2016 жылдан бері өткізіп отырмыз. Жақсылық жасауда ата-аналар балаларымен бірге түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеп, мектеп жәрмеңкесіне ұсынады. Жәрмеңкеден жиналған қаражат көмекке мұқтаж отбасыларға беріледі. Оқушыларымыз қарттар үйіне де барып, өз өнерлерін паш етіп, мерекелік концерт ұйымдастырып жатады. Яғни, бастысы қайырымдылықты насихаттауды көздейміз, – деді №79 мектеп-лицейінің директоры Құралай Мукушева.

Акцияға қатысқан бастауыш сынып оқушылары ата-аналарымен бірге құс ұяларын өз қолдарымен арнайы дайындап, мектеп аумағында ілді. Жыл сайын аталған іс-шарадан қалыс қалмай, белсенділік танытып келе жатқан ата-аналардың қатарында Оңдасын Серікұлы бар.

«№79 мектеп-лицейінде үш балам оқиды. Балаларыммен бірге ұяларды үйде жасауды жақсы дәстүрге айналдырдық. Бүгінде Астананың бірқатар саябақтарында отбасымыздың дайындаған құс ұялары ілулі тұр. 2-сыныпта оқитын балам Дінмұхамед Оңдасынұлымен бірге мектеп ауласында да құстардың да тұрақтап, қалалықтардың көңілін әсем әуенімен қуан­тып тұрсын деген ниетпен ұялар жасап, ілдік. Бала көргенін істейді, сондықтан осындай ізгілікке бастайтын бастамалардың болғаны қуантады» деді ата-ана.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button