«Салауатты өмір – көтеріңкі көңіл-күй» спорттық ойыны өтті

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Астанада «Салауатты өмір – көтеріңкі көңіл-күй» спорттық ойыны өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Денсаулық – ең құнды байлық. Өз денсаулығымызды күту – тек біздің жеке жауапкершілігіміз ғана емес, қоғамның да денсаулығына қосқан үлесіміз. Адамдардың денсаулығын қорғау, дұрыс өмір сүру салтын насихаттау мақсатында 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні орай Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ №10 көпшілік кітапханасы мен № 43 қосымша білім беру мектебінің ұйымдастыруымен «Салауатты өмір – көтеріңкі көңіл-күй» атты спорттық ойын өтті.
Спорттық ойын кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мадибаева мен №43 мектеп директоры Руслан Такебаевтың құттықтау сөздерімен ашылып, ҚР мемлекеттік әнұраны орындалды.
Ойынға Күйгенжар тұрғын алабының №42 орта мектебі, Интернациональный тұрғын алабының №44 орта мектебі, Мичурино тұрғын алабының №43 мектебі және Жібек жолы ауылының Иманжүсіп Құтпанұлы орта мектебінің қызметкерлері қатысты.
Қазылар алқасының мүшелері – мекеме басшысының орынбасарлары Гүлмира Абылғазина, Манат Керімбекова, Бекболат Арыстанбеков, «Арай» балабақшасының дене шынықтыру мұғалімі Ж.Төлеу спорттық ойынның қорытындысы бойынша И.Құтпанұлы орта мектебін бас жүлдемен, №43 ҚББМО І орынмен, №42 ОМ ІІ орынмен, №44 ОМ ІІІ орынмен мекеме атынан жүлделі дипломдар, кубок, медальдар, бағалы сыйлықтармен және Мәдениет басқармасының алғыс хатымен марапаттады.
Алаңда салауатты өмір салты мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын эстафеталық ойын, асық ату, бес асық, арқан тарту т.б спорттық ойындары ойналды. Денсаулықты сақтау мен нығайту – бұл біздің болашағымызды қорғайтын, өміріміздің сапасын арттыратын маңызды қадам. Сондықтан да Денсаулық күнін тек бір күн емес, әр күнімізде есімізде сақтап, оған лайықты қамқорлық көрсетуіміз керек.