Тергеу күніне орай спорттық спартакиада өткізілді

Тергеу күніне орай Ішкі істер органдары бөліністері арасында спорттық спартакиада өткізілді, – деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Тергеу, әскери-тергеу, жедел-криминалистикалық, заң мен норма шығармашылығын үйлестіру, көліктегі және елордалық полиция департаменттері мен басқару академиясының командалары шағын футболдан, волейболдан, гір тасын көтеруден, үстел теннисінен және арқан тартудан сынға түсті. – Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті ішкі істер органдарының тергеу қызметінің 62 жылдығына байланысты осы спорт шарасын ұйымдастырып, өткізуде.
Спорт полиция қызметінің ажырамас бөлігі екені бәріне мәлім, – деді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Абенов. Бәсекелестік жоғары болған жарыста жанкүйерлер де көп болды. Өз командаларын қолдап, қошемет білдірді. Жеңімпаздар мен қатысушыларды ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов құттықтады.
– Баршаңызды біздің кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін спартакиада өте қызықты түрде өтіп жатыр. Сіздерге алғысым шексіз! – деді ол.
Сайыс қорытындысы бойынша командалық есепте ІІМ жедел-криминалыстикалық департаменті үшінші орынды иеленді. Екінші орынды көліктегі полиция департаменті өз қанжығасына байлады. Ал бірінші орын Астана қаласы полиция департаментіне бұйырды.