Оранжерея – ботаникалық бақтың байлығы

Елорданың ботаникалық бағын әлемдегі ең жас бақ деп айтуға болады. Себебі ашылғанына енді жеті жыл толды. Бірақ соған қарамастан өсімдіктердің түрі жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, мұнда 58 тұқымдасқа біріктірілген 269 өсімдіктің түрі бар. Дала салқын болса да, оранжерея ішінде жайқалып тұрған тропикалық өсімдіктер мен жемістер көңілге жылылық сыйлайды.
Ботаникалық бақтың оранжереясында тропикалық және субтропикалық өсімдіктер көп. Біздің көзімізге бірден банан ағашы түсті. Өйткені қайбір жылдары астаналықтар осы жерден банан жеп, мәресәре болғаны бар еді. Оранжерея меңгерушісі Ләйла Зекенованың айтуынша, банан
– бұл ағаш та, бұта да, пальма да емес. Ол – бір-бірінің ішінде жапырақтап өсетін, табанында діңі бар үлкен шөп. Әрбір сабағында жалпы салмағы 60 келіге жететін 300 жемістен тұратын банан шоғыры болады екен. Соңғы жылдары банан бермейтін болыпты. Өйткені оның күтімі оңай емес көрінеді. Одан әрі көлемі қос уысқа әрең сиятын апельсиндер мен мұндалайды. Бір бауда 4-5 апельсин қосақтасып тұр. Иісі мұрынды жарады. Аз уақытта піскен соң елордалық келушілерге ұсыну жоспарда бар екен.
«Ғылыми институт болғандықтан, біздің мақсатымыз – био алуан түрлілікті сақтап қалу. Ауырған өсімдіктерді емдеу, әдемі күйінде астаналықтарға көрсету. Тұқым алу мақсаты көзделмеген. Себебі кейбір өсімдіктердің тұқымы болмайды» дейді. Ғылыми институт демекші, жалпы ботаникалық бақ ғылыми зерттеулерге, өсімдіктердің генофенді коллекцияларын сақтауға және толықтыруға арналған. Құрамында 7 зертхана бар. Атап айтқанда, гербарий қоры бар өсімдік ресурстары мен флора, ашық жерге гүлді және сәндік өсімдіктерді интродукциялау, жабық жерге гүлді және сәндік өсімдіктерді интродукциялау, өсімдіктер биотехнологиясы және молекулалық биология, дендрология, тұқым шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау. Ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның дәрілік, жуалы тамырлы, біржылдық және көпжылдық, сонымен қатар сирек кездесетін өсімдіктерінен коллекция жасалған. Оның үстіне жыл сайын жаңа таксондармен толықтырылады екен. Ал оранжерея кешеніне келетін болсақ, мұндағы жабық жерде 1500-ге жуық тропиктік және субтропиктік, шөл және шөлейт өсімдіктер өсіріледі.
Температура мен ылғалдылықты бақылайтын заманауи климаттық жүйенің мүмкіндіктерінің арқасында әлгі банан, апельсин, папайя, кумкват, монстера сияқты өсімдіктер жыл бойы гүлдеп, ал кейбірі жеміс береді. Айтпақшы, биыл кофе ағашы да жеміс берген екен. Сырты жеуге жарамды. Ішіндегі дәнінен кофе жасауға болады. Тура осы кофе туралы оранжерея қызметкері қызықты мәлімет берді.
«Аңыз бойынша бір шопан ешкілерінің таңғажайып бұтадан жидек жеп жатқанын көрген. Кейіннен жануарлардың энергиясы артып, секіріп, түні бойы ұйықтамайтынын байқаған. Шопан бұл туралы монахтарға айтқан көрінеді. Ал олар дұға кезінде ұйықтап қалмас үшін сол жидектерден сусын әзірлеп ішкен екен. Міне, сол біздің сергек жүруімізге күш қуат беретін кофе ағашы елордада жайқалып тұр» дейді. Бір қарағанда кофе ағашының жидектері тура шиеге ұқсайды екен.
Мұнда жайқалып тұрған тағы бір ағаш – құрма. Ағзаға магний, мыс, күкірттің тәуліктік дозасын, сондай-ақ темірдің жартысын және кальций мен калийдің күнделікті қажеттілігінің төрттен бірін алу үшін күніне бір құрма жеу жеткілікті. Міне, сол құрма ағашы оранжереяның сәніне сән қосып тұр. Бұл түрдің отаны Азия мен Африканың тропикалық және субтропикалық аймағында өседі екен. Мұндағы құрма желтоқсан айында піскен. Дәмі тәтті болғанымен, шырыны аз, құрғақтау болыпты. Көзімізге болмысы ерекше тағы бір түскені – папайя. Жасыл папайя жемістері улы болғанмен, фармацевтика өнеркәсібінде сұранысқа ие. Оранжерея меңгерушісі папайя аталық өсімдік болған соң, жеміс бермейтінін алға тартты. Тек аналығы жеміс береді екен.
«Ал ананастың тұқымсыз және тұқымды түрі болса, бізде өсіп тұрғаны – тұқымы жоқ ананас. Ананас бір-ақ рет гүлдеп, жеміс бергеннен кейін тіршілігін тоқтатады. Қасынан балапан өсімдігі шығады. Сол кезде айдарын үзіп алып, көбейтуге болады. Төменгі сатыдағы өсімдіктерге гүлдемейтіндер жатады. Астананың ауа райында мұндай дүниені ұстап тұру күрделі. Себебі жылу мәселесі бірінші орында. Қыс мезгілінде 20-24 градус арасында ұстап тұру керек. Ылғалдылықтың мөлшері – 70-80 градус аралығы. Ең қиыны, ылғал жоғарылаған сайын, кейбірі ауруға бейім бола бастайды. Ондай кезде емдеумен айналысамыз» дейді Ләйла Шаймұратқызы.
Біз барған екінші кешен – Суккуленттер деп аталады. Мұндағы жылыжайда түрлі пішіндегі кактустар басым. Әлемдегі сирек кездесетін кактустар мен гибридтерді тамашалауға болады. Бақ қызметкері Мексикада өсетін сирек өсімдікті көрсетті. Оның биіктігі – 105 метр. Ені – 1 метр. 500 жылға дейін өмір сүреді. Салмағы 1 тоннадай болатын алып өсетін өсімдіктер де бар. Олардың жасын биіктігіне қарай білуге болады дейді. Пілдің аяғына ұқсайтын өсімдіктің отаны Техас екен.
Ылғалды тамырында ұстайды.Сонымен қатар бойы 20 метрге дейін өсетін кактус пен тек түнде ғана гүлдейтін сириус өсімдігін тамашаладық.
Жалпы, экзотикалық өсімдіктердің басым бөлігі Оңтүстік Америкадан, Африка, Аустралия және өзге де елдерден әкелінген. Оранжереяларға орнатылған жүйелер тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау – компьютер көмегімен басқарылады. Кейінгі кездері мұнда келушілердің қатары көбейген. Мереке және демалыс күндері ата-аналар мен балалар, елорда қонақтары жиі келеді. Экскурсия мен шеберлік сыныптар жүйелі жолға қойылған. Бағасы да қолжетімді. Мәселен, мектепке дейінгі балаларға билет құны – 1000 теңге, оқушыларға –1600 теңге, ал ересектерге 2200 теңге екен. Есесіне, оранжерея қызметкерлері әрбір өсімдіктің тарихын айтып береді. Ең бастысы, әлемнің түкпір-түкпірінде өсетін ғажайыптарды көріп, қуанып қайтасыз.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ
фото: Сұлтан Сейіт