Қоғам

Қоғамдық кеңес: жаңа құрам іске кірісті

Үстіміздегі жылдың ақпан айында азаматтық қоғам және мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі басталған болатын. Жұмыс тобы өткізген іс-шаралардың қорытындысы бойынша «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 8-тармағына сәйкес, мәслихат төрағасының 2025 жылғы 18 наурыздағы өкімімен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітілді.

Қоғамдық кеңестің төрағасы болып, белгілі қоғам қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саяси ғылымдар докторы, профессор Зұлфухар Сұлтанұлы Ғайыпов  бірауыздан сайланды. Төраға жаңа құрамның алдында тұрған міндеттерді айқындап
берді. – Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында қоғамды барынша демократияландырып, Әділетті қоғам құрумен бірге, халық үніне құлақ асатын үкімет қағидатын қалыптастыру мен Қоғамдық кеңестердің жұмысын барынша жандандыру керектігі туралы үнемі айтып келеді. Осы саясатты жүзеге асыру жолында
Қоғамдық кеңес институты бұқара мен билік арасын жалғастырушы, жақындатушы көпір миссиясын атқаруда. Шын мәнінде, бұл институт – қаржыландырылмайтын, өтеусіз қызмет ететін қоғамдық сипатқа ие қоғамдық ұйым. Қоғамдық кеңестің мүшелері елордамыздың өміріне бейжай қарамайтын, қаламыздың нағыз патриоттарынан жасақталған деп айтуға болады. «Қоғамдық кеңес туралы» заңға сай әрбір аймақтағы жаңадан құрылған кеңестердің өз жұмыс жоспары болады. Олар сол бекітілген жоспарға сәйкес қызмет етеді. Сол сияқты біз де жаңадан жоспарымызды бекітуге тиіспіз. Біздің жоспарымыз елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының дамуымен тікелей байланысты болады. Сонымен
бірге, бұл қоғамдық институттың мәртебесі мен өкілеттігі, сондай-ақ қалыптастыру тәртібі «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңымен, Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережемен реттеледі. Жергілікті деңгейде Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етумен Астана қаласының мәслихаты айналысады, – деді Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Айтуынша, жаңадан жасақталған қалалық Қоғамдық кеңеске 2025-2028 жылдар аралығында жұмыс істейтін 31 адам сайланды. Кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру үшін 68 өтініш түскен.
Тілек білдірушілердің көптігіне байланысты әңгімелесу бірнеше күн бойы, әр кандидатпен жеке-жеке өткізілді. Негізгі құрам 80 пайызға жаңартылған және қосымша тағы 12 кандидат резервтік
тізімге алынды. Сайланғандардың қатарында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, білім беру жүйесінің қызметкерлері, журналистер, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, заңгерлер және басқалар бар. Кеңес құрамына 19 ер және 12 әйел адам кірді. Олардың барлығы – өз саласының кәсіби мамандары.

Бұрын қалалық Қоғамдық кеңес бес комиссиядан тұрған болатын. Ал жаңадан жасақталған кеңесте 6 тұрақты комиссия жұмыс істейтін болды. Кеңес төрағасының пікірінше, жастармен
жұмыс ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды бағыт болып табылады. Сондықтан, қазіргі уақытта жастар ісі жөніндегі бөлек комиссия құру қажеттіліктен туындап отыр.

– Қаламыздағы жастар мен жасөспірімдерге қатысты мәселелерге көбірек көңіл бөле отырып, олардың дамуы мен өз қабілеттерін іске асыра білуі үшін жағдай жасау қажет. Комиссия жұмысы жастармен өзара іс-қимылды жақсартуға, бастамаларды дамытуға, жас таланттарды қолдауға және өскелең ұрпақты Адал азамат, Әділетті қоғам, Заң мен Тәртіп құндылықтары
рухында тәрбиелеудің маңызды екеніне көңіл бөлу керек, – деді Зулфухар Ғайыпов.

Талқылау нәтижелері бойынша қалалық Қоғамдық кеңестің тұрақты комиссияларының төрағалары сайланды. Осылайша, кеңестің бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссиясына – Азамат Оспанов; азаматтық қоғамның әлеуметтік саясат саласындағы мүдделерін білдіру жөніндегі комиссиясына – Кәрімбек Құрманалиев; кәсіпкерлікті дамыту,
заңдылық және құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссиясына – Есберген Алауханов; энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология мәселелері
жөніндегі комиссиясына – Юсуп Келигов, ақпараттық-талдау жұмысы мәселелері жөніндегі комиссиясына – Олжас Сыдықбек және жастар ісі жөніндегі комиссиясына Бақдәулет
Жанділдаев жетекшілік ететін болды. Сонымен бірге Қоғамдық кеңестің ережелері және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Қоғамдық кеңестің қызметі – жауапты әрі маңызды миссия екенін ескере келе, кеңес төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамның билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы буын бола отырып, қоғам мен билік арасында тиімді диалог орнатуда және қала өмірінің көптеген салаларындағы проблемаларды шешуде өздеріне жүктелген миссияны лайықты атқарып шығатынына, олардың әрқайсының азаматтық ұстанымдары мен кәсіби тәжірибелері, Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосатынына зор сенім білдірді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button