Қоғам

Дәрі-дәрмек қолжетімді болуы тиіс

Елордада  «Қазақстанның дәрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету: талдамалық тәсіл және жаңа сын-қатерлер» тақырыбында жиын өтті. «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі»  қауымдастығы мен Денсаулық сақтау министрлігі  ұйымдастырған іс-шараға Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева, «Химфарм» АҚ бас директоры Адам Алексеюк, Польша Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда мырза, профессор Ниевада, доктор Ланд және доктор Рыхвальски сынды спикерлер қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өз сөзінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету — қоғам денсаулығын қорғау саласындағы негізгі факторлардың бірі екенін айтты. Қазіргі тұрақсыздық жағдайында көп мемлекет, соның ішінде АҚШ пен Еуропа елдері де дәрі-дәрмек қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың міндетті элементі деп қарастыратынын алға тартты.  Ал  «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева бұл мәселеде  денсаулық сақтау секторы өкілдерінің бәрінің күшін біріктірудің маңызын атап өтті.

«Талқылауымыздың өзегі — жергілікті өндірісті дамыту, отандық компаниялармен тиімді әріптестік тетіктерін қалыптастыру және әділ де теңгерімді патенттік саясат. Біз дәрі-дәрмекті мемлекет есебінен сатып алғанда едәуір негізді шешім қабылдауға мүмкіндік беретін медициналық технологияларды сараптау секілді құралдарға ерекше назар аударамыз. Біздің ортақ мақсатымыз — өмірлік маңызы бар әрі сапалы дәрі-дәрмек елдің кез келген өңіріне, қажет уақытында және әділ бағамен жетіп, оған тұрғындар қол жеткізе алғанын қамтамасыз ету. Мемлекет, бизнес пен сарапшылар арасындағы мұндай диалог — Қазақстан фармацевтика секторын орнықты, инновация мен инвестиция тұрғысынан тартымды етуге керек. Мұндай пікір алмасу елдің, азаматтардың және стратегиялық серіктестердің мүддесін көздейтін ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға негіз болады деп сенеміз» деп түйіндеді.  Польша дженерик өндірушілер қауымдастығының вице-президенті,  фармацевтикадағы құқық саласы маманы Гжегож Рыхвальски ұлттық  өндірістің стратегиялық маңызына тоқталды. Айтуынша, жергілікті өндіріс — өмірлік маңызы бар және аса қажет дәрі-дәрмектерді тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырудың маңызды тетігі. «Оның артықшылықтары — логистика тізбектерін қысқартып, қор деңгейін бақылай аламыз, дәрі-дәрмек науқасқа жақын және баға түзілуі ашық болады» дейді.

Жиында дәріхана желілеріне дәрі-дәрмек жеткізу тұрақтылығы мәселесі де сөз болды. Қатысушылар Еуразиялық Одақ  шеңберінде дәрі-дәрмекті тіркеу процедураларына байланысты туындап жатқан қиындықтарды атап өтті. Мәселен, 2000-ға жуық атау 2025 жылдың аяғына дейін  ЕАЭО аясында тіркеуді күтіп тұр. Осыған орай қатысушылар Үкіметке пациенттерді қажет дәрі-дәрмектермен қамтуда іркілістер болуына жол бермеу үшін өтпелі кезең енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар мен сарапшылар бірлесіп жергілікті өндірісті дамыту, фармацевтика орнықтылығын қолдау және халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуді көздейтін бірқатар ұсыныс әзірледі. Бұл ұсыныстар Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсынылып, Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында қарастырылатын болады.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button