Ойындар жалғасады

Бас қалада VI республикалық жастар ойындары аясында гандболдан жарыс өтіп жатыр. Ол 13 сәуірге дейін жалғасады. Бәсекеде 2004 жылғы қыздардан құралған 7 команда жүлдеге таласуда. Олардың арасында Астана және Шымкент қалалары, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстары бар.
Елордалық команда жаттықтырушысы астаналық гандболшылардың дайындығы жайында айтып, оларға сәттілік тіледі.
– Бұл бәсекедегі міндетіміз – финалға дейін жету. Басты қарсыласымыз Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы деп ойлаймын. Павлодар облысының алғаш рет қатысып отырғанын ескерсек, олардан да қауіп күтеміз. Бұл спорт түрі Астанада қарқынды дамып келе жатыр.
Мысалы, 2024 жылы мектеп лигасында 34 команда өнер көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш 84-ке дейін көбейді. Қазіргі сәтте гандболмен елордада 2155 адам тұрақты түрде айналысады. Осының арқасында түрлі жас ерекшелігі бойынша ұлттық құрамаға 68 спортшымыз еніп отыр. Ал ересектер сапында 12 спортшымыз бар. Бұйырса, ересектер құрамасы жыл соңында Германия мен Нидерланд Корольдігінде ұйымдастырылатын жаһандық додаға қатысады, – деді гандболдан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Диас Ақмұрзаев.
Алаңға шығып алғашқы жарысын бастаған астаналық команда Ақтөбе ұжымын 34:15 есебімен жеңді. Ақпан айында бастау алған VI республикалық жастар ойындары қазан айына дейін жалғасады. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада еліміздің барлық өңірінен жиналған спортшылар спорттың 34 түрі бойынша сынға түседі.
Шапағат ӘБДІР