«Таза Қазақстан» экоакциясын өткізді

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында елордадағы «Жетісу» саябағында қаланың қаржы саласы өкілдерінің қатысуымен ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Сенбілікті қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырды. Акцияға Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қызметкерлерінен құралған 400-ге жуық адам қатысты.
Қатысушылар саябақ аумағын қоқыстан тазартып, ағаш отырғызу орындарын дайындап, абаттандыру жүргізді.
«Осы науқанмен біз көктемгі сенбіліктерді бастап, табиғатты аялау баршаның міндеті екенін көрсеткіміз келеді. Біздің мақсатымыз – тұрғындар арасында тазалыққа жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, осы мақсатта қала тұрғындары уақытын көңілді өткізуі үшін бүгін саябақты тазарттық», – деді Ұлттық банктің кадрлармен жұмыс жөніндегі директоры Шолпан Түкбергенова.
Ұлттық банктен қаржы секторының өзге өкілдеріне шақыру аясында «Таза Қазақстан» туының символикалық берілуі іс-шараның көркін арттырды. Бұл акцияға қатысушылардың ортақ іске атсалысуы мен сабақтастығының символына айналды.
«Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында біз жалпықалалық сенбілік өткізіп, оған банктеріміз бен кәсіпкерлеріміз үн қосып, елдігіміз бен қаламыздың тазалығы мен экологиясына ортақ жауапкершіліктің белгісі ретінде «Таза Қазақстанның» туын өзге банктерге табыс еттік», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары.