Елордада виртуалды жол жүру карталары енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін виртуалды жол жүру карталары енгізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Жақын күндері оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін виртуалды жол жүру карталары енгізіледі. Валидацияны телефонның көмегімен QR кодты сканерлеу, валидаторға тигізу және басқа да ыңғайлы тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады. Осылайша көлік карталарын алып жүрудің қажеті болмайды. Виртуалды картаны шығару және рәсімдеу онлайн жүзеге асырылады, оны рәсімдеу үшін пайдаланушыларға арнайы кассаға барудың қажеті жоқ», – деп атап өтеді компаниядан.
Виртуалды карталарды ресімдеу және пайдалану тәртібі, сондай-ақ жобаны іске қосу мерзімі туралы толық ақпарат жақын арада CTS компаниясының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.