Астанада балаларды қорғау шаралары күшейтілді

Елордада балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша белсенді профилактикалық жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Елордалық ТЖД Байқоңыр ауданының төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр.
«Өкінішке қарай, терезеден кішкентай балалардың құлау жағдайы жиілеп кетті. Білесіз бе, мұндай жағдайлар еліміз бойынша өте көп, Астанада да аз емес. Әдетте, бұл қиындықтардың басты себебі – ересектердің балаларды назардан тыс қалдыруы. Біз қаланы аралап шығамыз, ата-аналармен кездесіп, баланы қалай қорғау керектігі туралы профилактикалық-түсіндіру жүргіземіз. Бүгін біз осындай жұмысты «7 Континент» тұрғын үй кешенінің аумағында жүргізіп жатырмыз. Тәжірибе көрсеткендей, балаларды қорғаудың ең тиімді құралы – терезелерге блокаторлар орнату. Біз көпбалалы отбасылар тұратын пәтерлерге блокаторларды тегін орнатамыз. Мысалы, кеше біз төрт отбасыны осындай қорғаныс құралдарымен қамтамасыз еттік. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», – деді Байқоңыр ауданы ТЖ басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты әділет Қабдрахманов.
Құтқарушылар қала тұрғындарынан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрайды және қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін белгілі бір ережелерді сақтау қажеттігін еске салады:
– терезені ашық қалдырғанда, баланың қауіпсіз жағдайда екеніне көз жеткізіңіз;
– балаңыздың өз бетінше балконға шығуына рұқсат бермеңіз;
– ұйықтап жатқан баланы пәтерде жалғыз қалдырмаңыз, сәби оянып, ашық терезеге қарай жүгіруі мүмкін;
– бала терезені өздігінен аша алмайтындай етіп арнайы қорғаныс жүйелерін (құлыптар, блокаторлар) орнатыңыз;
– барлық жиһазды, әсіресе төсек пен диванды терезеден алыс қойыңыз;
– балаңызға терезеден немесе балконнан сыртқа қарау үшін орындықты аяғының астына қоюды үйретпеңіз;
– москит торлары қауіп төндіреді, өйткені балалар оны қорғаныс ретінде көріп, сүйеніп тұруы мүмкін, ал бұл қауіпті жағдайға апарады.
Бұл рейдтер елорданың барлық ауданында жүргізіліп жатыр.