Қоғам

Жас ғалым – жаңа тыныс

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  I Республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Әр өңірден 300-ге жуық қатысушы жиналып, отандық ғылым әлеуетін дамытуға бағытталған жобаларымен бөлісті.

Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде ғылымның дамуына қарқынды көңіл бөлініп келетінін атады.

«Дүниежүзінде жоғары білімді қаржыландырудың 3 негізгі қайнар көзі бар: мемлекеттік бюджет, шетелдік студенттер және ғылым. Оның ішінде шетелдік студенттерді көптеп тартудың тиімділігі басым. Жоғары білімге өзге елден келген білім алушылар инвестиция салып, академиялық туризмді дамытады. Ал ендігі жолы ғылыммен ақша табу қыруар қаржыдан бұрын білікті зерттеушілерді қажет етеді. Алайда елімізде бұған жетудің қиындығы жоқ емес. Қазақстандағы жоғары білім алушылары контингентінің 92%-ын бакалавр студенттері, 6-7%-ын – магистрлар, ал қалғанын докторанттар құрап отыр. Оңтүстік Кореяны мысалға алсақ, оларда 42%-дық үлес магистрлар санатына тиесілі. Яғни мемлекеттің зерттеушілік әлеуеті жоғары. Десе де, бір қуантарлығы, қазір 25,5 мың қазақстандық ғалымның 46%-ы – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Әлі де тың жобаларын ұсынатын жаңа буын қажет» деді министр.

Еліміздің докторантурадан кейінгі институтты қолдау арқылы ғалымдар санын көбейту және елдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған «Жас ғалым» бағдарламасы үш жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы жылдар ішінде конкурстық жолмен 688 грант бөлінді.

Бағдарламаға қатысушылар республиканың 18 өңірінің 74 ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарында ғылымда алғашқы қадамдарын жасауда. Солардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушысы Нұрзада Амангелді қазақша ымдау тілін танудың интеллектуалды жүйесін ұсынды. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған жандарға арналған.

– Жоба Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Жаңа Асу» грантынан басталды. Содан кейін «Жас ғалым» грантының иегері атандым. Жобам инклюзивті инновациялар консорциумының құрамына еніп, Дүниежүзілік Банктің қолдауына ие болды. Яғни инновация нағыз өнімге айналды. Алғашқы келісімшарттар жасалды, ақпараттық жүйелерге енгізу бойынша бастамалар қолға алынды. Бүгінгі таңда жоба толығымен коммерцияланып, нарыққа шығарылды, бірнеше ұйымдармен нақты серіктестік бар, – деді ғалым.

Индира Бержанова

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button