Басты ақпаратСараптама

Ауылдан неге кетеді?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ауылдарда 7,5 млн адам, ал қалаларда 12,7 млн адам тұрады. Яғни, қала тұрғындарының үлесі 63 пайызды құрайды. Осы жылдың басында соңғы 25 жылда ауыл тұрғындарының саны бұрын-соңды болмаған қарқынмен азайғаны туралы хабар тараған болатын. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы ауылдық елді мекендердің теріс көші-қон сальдосы 111,4 мың адамды құрады, бұл – 2000 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Ауылдың «ақсаусақтары» қаланы көркейте ме?

Ауылдан қалаға ағылудың себептері баршамызға белгілі. Алдымен  шектеулі экономикалық мүмкіндіктер алға шығады. Жастарды ауылда ұстап тұратын жұмыстың жоқтығы, түрлі инфрақұрылымның болмауы, денсаулық сақтау және білім беру қызметтерінің төмен деңгейі және ауылдың болашағына деген күмән қалаға бастайды.

Ұлтымыздың өзегі мен құты болған ауылдардың одан әрі құлдырауының басты экономикалық себептерінен басқа да көзге көрінбейтін, бірақ көкейді тербейтін тұстары бар. Өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап урбанизация, кенттену үдерісі басталғалы, ауыл адамын, елдің тұтқасын тәрбиелеу, ауыл тұрғынының мәртебесін көтеру, ел адамын қалып­тастыру секілді маңызды мәсе­лерге мемлекет аса көп мән бермеді. Мектептен бастап шәкірттің көңілі қалада болды. Ата-анасы да баласын қамшылап, «қолыңды қара майға малып тракторшы болып, не малдың соңында салпақтап жүрмексің бе» деп бесігінен бастап ауылдан бездіре бастайды. Бәрінің есіл-дерті қала болды, бірақ асқақ арманы емес. Қалаға барып, қызмет етемін, үлкен компания ашып елдің экономикасын дамытып, дөкей бастық боламын деген ешкім жоқ. Тәшке айдасам да, қалада жүрсем болды деген ой ауыл баласын қара базардың айналасында тұсап қойды. Қайта оралуға намыс жібермейді, қаланың думаны баурап әкетеді. Мінеки, ауылдан шыққан адам осылайша не ауылдық емес, не қалалық емес екі ортада қалып қояды.

Әрине, ауылда туды ма, ауылда қалсын деген ешкім жоқ. Таңдау – кісінің өзінде. Дегенмен, ауылдың да қадір-қасиетін саралап, туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулымаса, ауыл баласын ерте бастан елдің тірлігіне икемдеп, еңбек етуге, мал жайғаудың жайын үйретпесе одан қандай адам шығады. Ауылда қалып, елдің көсегесін көгертіп, өз пайдамды түгендеп, мал өсіріп, егін егіп, елдің іргесін бекітемін деген ой болмаған соң, түбі ауылында қалған адамның да берекесі аз болады.

Қалаға қарай алаңдап, бар уақытын босқа жіберіп алған ауылдың ақсаусақ баласы не жақсылыққа жетеді. Рас, ауыл баласы қала баласындай емес оқыған-тоқығаны аз болуы мүмкін. Ержетіп, ес жиғаннан ауылдың тірлігіне ара­ласып, әр істің көзін тауып істеу­ге үйренсе, қала баласын он орап кетер еді. Бірақ, ондай тәрбие ауылда жоқ. Тозған ауылдарда, ауылдың шетіне, көшенің бойында ағаш егіп көркейтпек түгілі, есігінің алдына бір шыбық шанышпайтындар бар. Қорасының шарбағын түзетпеген бала қалада қалай қорған соғады? Кем тәрбие беріп жатқан жоқпыз ба?

Әрине, айтуға оңай. Сонда да ауылдық жерлерде тұрғындар еңбек етудің дағдыларынан айы­рылып барады. Уақытшалық көңіл күй бұл жерлерде де белең алып келеді. Биыл болмаса келесі жылы қалаға кетеміз деген үміт басым. Шағын болса да ауласында тауық өсіріп, бақшасында картоп егіп, таңның атқанынан күннің батқанына дейін белін жазбай еңбек етудің не екенін ұмытып келеді. Қажет деп де таппайды. Есесіне нан мен сүтті сатып ішіп, іңір түссе теледидарға байланып, күндіз смартфонмен жағаласып отырғаны өтірік емес.

Өткен жылдың сәуір айында өткен үкімет отырысында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеген мәліметтерге қарағанда, соңғы 10 жылда Қазақстанда 600-ге жуық ауыл жойылып кеткен.

Жалпы, «Ауыл» партиясының мәліметінше, соңғы екі онжылдықта Қазақстан картасынан 1300 ауыл мен ауылдық елді мекен жоғалып кеткен. Нәтижесінде, соңғы кезге дейін бұл көрсеткіш жартысынан асқанымен, елдегі жалпы халықтың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.

Қалаға да сапалы қазақ керек

Осыдан кейін өңірлерден ағылған адамдардың қалалардағы әлеуметтік шиеленістің өршуіне әсері бар деп жатамыз. Ірі қалаларда адам саны артқан сайын қаланың инфрақұрылымына күш түседі, әлеуметтік нысандарына  ауырт­палық әкеледі. Өз кезегінде қылмыс көбейіп, жаңадан келген мигранттар қалаға бейімделе алмай әлеуметтік шиеленіс артады. Түрлі әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны артып, қала бюджетіне тағы да салмақ түсіреді.

Халықтың нақты «өсу нүктелеріне» келетін болсақ, бұрынғыдай үш мегаполис Алматы, Астана және Шымкент алда тұр. Қалалықтардың жаппай қысқаруы Шығыс Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында да байқалады. Сонымен қатар, ең үлкен залал осы уақытқа дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұрғысынан болашағы бар деп жүрген Қостанай облысында да халық­тың азаюы болжануда.

Қалалардың өсу қарқыны үкіметте де талқылануда. Мысалы, «Елордаға ішкі көші-қонға байланысты қиындықтарға жауап ретінде» өт­кен жылдың сәуір айында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған жоспарын қарау басталып, онымен қатар кейбір әкімшілік шараларды енгізу мүмкіндігі талқыланды (осыған байланысты кезінде министр, Премьер-министрдің орынбасары болған Тамара Дүйсенова 2020 жылы тіпті Астанаға көшуді шектеуді ұсынды).

Рас, бұл ретте ауылды аумақтарды дамытуға, бірқатар өңірлердегі тұрғындардың санын көбейтуге, сайып келгенде, қауіпті демографиялық теңгерімсіздікке жол бермеуге арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларға бұрын бөлінген триллиондаған теңгелер неге жұмсалды деген сұрақ туындайды. Өткен жылдың қаңтарында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолданыстан шықты. Оның өзі бір жағынан еңбек көші-қон процестерін оңтайландыруға (азаматтардың бір қалада топтаспауы үшін), екінші жағынан, оңтүстіктен солтүстікке еңбек ресурстарының тәртіпті және ең бастысы жаппай көшуін қамтамасыз етуге бағытталған мерзімінен бұрын тоқта­тылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мұрагері болды. «Еңбек» бағдарламасының бюджеті айтарлықтай 500 миллиард теңгеден астам.

Бірақ нәтижесі саз емес. Яғни, статистикаға сенетін болсақ, бұл бағдарлама бойынша бес жыл ішінде солтүстік өңірлерге 45 мыңға жуық адам көшіп келгенімен, қаншасы қалғаны, өкінішке қарай, белгісіз. Оның үстіне Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сияқты беделді тұлғаның өзі бұл мәселеге қатысты нақты дерек ала алмады; 2024 жылдың ақпанында ол былай деді: «Ресми деректерге сәйкес, 45 мыңға жуық азамат «жаңа отанына» көшті (2023 ж.). Ал ол жақтан қаншасы жұмыс тапты? Қаншасы баспана тапты? Қаншасы түрлі қиындықтарға тап болып, туған жерлеріне оралды? Белгілі бір себептермен бұл мәліметтерді еш жерден табу мүмкін емес».

Шамамен сол уақытта DataMetrics консалтингтік компаниясы жүргізген талдаудың нәтижелері пайда болды, ол солтүстік аймақтардың демографиялық құрамын және оларға мемлекеттік қоныстандыру бағдарламаларының әсерін жеке зерттеуге тырысты.

Келтірілген мәліметтерге сәйкес, соңғы жылдары жұмыс күші көп облыстардың тұрғындары қоныстандырылған өңірлердің (яғни Солтүстік Қазақстан, Қос­танай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыс­тары) халқы өсіп қана қоймай, тіпті азайған. Соңғы бес жылда қоныс аудару бағдарламасына арнайы шамамен 450 миллиард теңге жұмсалды.

Осы жылдары әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының халқы 20 мың адамға азайып, пайызбен есептегенде ең көп тұрғындарынан айырылған аймаққа айналды. Мұнда да белгілі жағдай, құлдыраған  инфрақұрылым, жұмыспен қамтудың жеткіліксіз дәрежесі болмай, сапасыз салынған баспана жыры.

Тиімсіз «Еңбек» бағдарламасының орнын «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы басты. Ол 2025 жылдың соңына дейін есептеліп, оған шамамен 7,6 триллион теңге бөлу жоспарланған болатын, бірақ ресми аяқталуға екі жыл қалғанда оны мерзімінен бұрын жою туралы шешім қабылданды.

Қазір Қазақстанның оңтүстігінен солтүстікке жаппай көшу «Серпін» жобасы аясында жүзеге асырылып, оның аясында Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің жастарына солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарында гранттар бөлінуде. Дегенмен, сарапшылар атап өткендей, бұл бағдарламада оның жүзеге асырылуының сәттілігі туралы қорытынды жасауға болатын ешқандай көрсеткіштер де, соның ішінде «өмір сүру деңгейі» жоқ.

Қосымша мәселе – солтүстік облыстар оңтүстіктегідей жұмыссыздықты бастан кешіруде, мектептер, ауруханалар, балабақшалар және басқа да маңызды инфрақұрылымдар тапшылығын тағы қосыңыз. Мамандықтардың қажеттілігін зерделеу және қажетті мамандарды бөлу жұмыстары жүргізілген жоқ. Яғни, қай елді мекендерге механизаторлар немесе малшылар керек, ал қай елді мекенге қажет емес екені түсініксіз болды.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button