Еуропалық математикалық олимпиадада 100% нәтиже көрсетті

Биыл Приштина қаласында (Косово) өткен халықаралық байқауға әлемнің 52 елінен 219 оқушы қатысты. Қазақстан атынан төрт оқушы және екі жетекші қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының барлық қатысушылары жүлделі орындарға ие болды:
Юлия Катунина – күміс жүлдегер – Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейінің 10 сынып оқушысы;
Арай Касенова – қола жүлдегер-Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы;
Анар Дидарбекова – қола жүлдегер – Алматы қаласының №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейінің 11 сынып оқушысы;
Аружан Қайрат – қола жүлдегер-Алматы қаласының №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейінің 10 сынып оқушысы.
Қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиада алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында өткен болатын. Қазақстан құрамасы бұл беделді білім бәйгесіне 2017 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің дарынды қыздары 3 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль мен 4 Құрмет грамотасын иеленді.