Астана әкімі Сарайшық ауданының тұрғындарымен кездесті

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Сарайшық ауданының тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Сарайшық ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім. Кездесу 5 сағатқа созылды. «Ашық микрофон» форматында ниет білдіргендер сұрақтары мен ұсыныстарын қойды.
Қала тұрғындары әлеуметтік нысандар салу, жол инфрақұрылымы, газдандыру, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, көлік, жарықтандыру, жылы аялдамалар орнату және т.б. мәселелерді көтерді.
Біз үшін аудандарды әлеуметтік нысандардың құрылысын назарға ала отырып дамыту өте маңызды. Мәселен, Сарайшық ауданындағы 9 учаскеде тұрғын үй кешені мен бизнес-орталықтардың мақсатын әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақшалар, спорт және медициналық нысандар, гүлзарлар) ауыстырдық.
Қазіргі уақытта бұл ауданда тағы 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ биыл Отау шағын ауданында емхана құрылысы жоспарлануда. Сол сияқты газдандыру, көше жарығын жүргізу, аялдамалар орнату және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл қалада аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ жол жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргіземіз. Аталған жұмыстың барлығы Сарайшық ауданында да жүргізілетін болады.
Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Біз оларды қысқа, орта және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Мұндай кездесулер қаланың барлық ауданында өткізіледі», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.