Басты ақпаратМәдениет

Ташкенттің Астанаға тартуы

Кеше елорданың Орталық саябағында Ташкенттің Астана қаласындағы мәдениет күндері ашылды. Бүгін де жалғасатын іс-шаралар Өзбекстан Республикасының Президенті ­Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапарына орайластырылған. Ташкент әртіс­терінің қатысуы­мен қызықты концерттік бағдарлама, ұлттық өнер және қолөнер көрмелері ұсынылды.

Өзбекстан елі мен астанасының туристік әлеуеті таныстырылып, дәстүрлі өзбек тағамдары сатылды.

– Өзбекстан мен Қазақстанның тығыз әріптестігі, достығы аясында Астанада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл – достығымыз бен әріптес­тігіміздің жарқын мысалы. Біз елдеріміздің мәдениеттері мен дәстүрлерінің байлығын көрсете отырып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға ұмтыламыз, – деді Ташкент әкімінің баспасөз хатшысы Гульноза Касимова.

Оның айтуынша, Ташкенттің Астана қаласындағы мәдениет күндері аясында бірнеше бизнес-форум ұйымдастырылады. Келушілер самса, палау мен өзбектің дәстүрлі тағамы – халемнен дәм тата алады.

Астананың амфитеатрында Өзбекстанның белгілі әртістері, атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның халық әртісі Фаррух Закиров, опера әншісі, Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов, «Бахор» ұлттық би ансамблі, басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Ал Ұлттық музейде Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылды. Оған Өзбекстан суретшілерінің 80-ге жуық картинасы мен қолданбалы өнер шеберлері жасаған 100-ден астам бұйым қойылды. Көрменің ашылу салтанатында Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова мұндай көрмелер екі бауырлас мемлекет арасындағы мәдени байланыстың қарқынды дамуына септігін тигізіп, түбі бір түркі тілдес қос халықтың тамыры тереңде екенін айғақтайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Өзбекстан Өнер академиясының төрағасы
Акмаль Нуридинов екі елдің өнерпаздары бірігіп, тығыз
қарым-қатынас орнатып, түркі әлеміне ортақ мәдениетті дамыту керегін айтты.

Көрмеге Алишер Хамдамов, Татьяна Фадеева, Файзулла Ахмадалиев, Шахноза Абдуллаева, Бахтиер Махкамов, Хуршид Зияханов сынды қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Экспозициядағы заманауи кескіндеме туындылары Шығыстың ежелгі аңыздарынан, поэзиясы мен тарихынан рухтанған романтикалық бейнелерден бастап, Өзбекстанның әсем табиғаты мен ұлттық тұрмысына тән сипаттарын ашып көрсететін нақты сюжеттерге дейінгі суретшілердің стилистикалық ерекшеліктерінің әр алуандығын, қызығушылықтары мен шығармашылық көзқарастарының кең ауқымын көрсетеді.

Көрменің қолданбалы өнер бөлімінде Өзбекстанның дәстүрлі өнерін паш ететін туындылар ұсынылған. Мұнда ташкенттік заманауи шеберлердің ағаш бұйым­дары, Бұхара мен Самарқанд шеберлерінің сюзане кестелері, марғұландық шеберлердің қолдан тоқыған атластары мен жібектері, Риштан мен Гиждуван шеберлерінің нақыштары мен миниатюралары, керамика бұйымдары қойылған.

Сонымен қатар Өзбекстан киносы күндерінің аясында режиссер М.Эркинов 2023 жылы түсірген «Абдулла Орипов: Тәуелсіздік жыршысы» фильмі мен отбасылық құндылықтар тақырыбын әзілмен айтатын «Яша, Хотин!» (Жарайсың, әйелім!) комедиясының ­көрсетілімі өтті. Алғашқы фильм көрнекті ақын, Өзбекстанның мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы Абдулла Ориповтың өмірі мен шығармашылығы туралы ­баяндайды.

  Аманғали Қалжанов

 Алина Имамбаева

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button