Қоғам

Алғаш рет Ұлттық креатив фестивалі өтуде

Қазақстанда Дүниежүзілік креатив күні аясында алғаш рет Ұлттық креатив фестивалі өтіп жатыр. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстанның креативті индустрия альянсы (CIAQ) ұйымдастыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Фестиваль отандық мәдениет, өнер және білім беру саласы өкілдерінің басын қоспақ. Аталмыш іс-шара 21–26 сәуір аралығында еліміздің алты қаласында — Астана, Алматы, Павлодар, Атырау, Өскемен және Шымкентте өтеді. Фестиваль барысында шеберлік сағаттары, дәрістер, шығармашылық зертханалар, дизайнерлер, суретшілер мен иллюстраторлардың көрмелері, қолөнершілер жәрмеңкелері өтеді. Сонымен қатар әртістер сахнада өнер көрсетіп, білім беру мекемелері, қалалық бастамалар, бизнес пен қоғамдық ұйымдар жобаларын таныстыру секілді 100-ден астам іс-шара жоспарланған.

Ұлттық креатив фестивалінің мақсаты – ел тұрғындары мен қонақтарына қатысушыларды таныстырып, креативті индустрияның дамуын қолдау. Бүгінде бұл сала әлемнің көптеген елінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бизнестің дамуына, мәдени құндылықтарды жаһанға танытуға және инновацияға оң әсер ететін қозғаушы күш ретінде танылды.

БҰҰ мәліметі бойынша, жаһандық деңгейде креативті индустрияға әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3,1%-ы тиесілі және бұл салада еңбекке қабілетті халықтың 6,2%-ы жұмыс істейді. Олардың ішінде жастар үлесі ерекше. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай бұл сала әлемдік ЖІӨ-нің 10%-ын құрауы мүмкін. Ал Қазақстанда 2029 жылға дейін креативті индустриянвң ел экономикасына қосатын үлесі 2%-ға дейін өседі деп күтілуде.

Еске салайық, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2017 жылы 21 сәуірді Дүниежүзілік креатив пен инновациялар күні деп жариялаған болатын. Бұл күннің мақсаты — шығармашылық жұмыстың өмірдің барлық салаларындағы маңызына назар аудару.

Фестивальді ұйымдастыру комитеті атап өткендей, Қазақстанның Дүниежүзілік креатив күнін атап өтуі — елдің креативті экономикаға көрсеткен қолдауы мен мәдениет, білім, инновациялар саласында халықаралық серіктестік жолындағы маңызды қадам. Ұйымдастырушылар 2026 жылы фестиваль аясын кеңейтіп, елдің барлық өңірлерін қамтуды жоспарлап отыр.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button