Ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша деректер базасы жаңартылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларының санын нақтылау мақсатында «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді түзету бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Бұл жүйеде малды тіркеу, қайта тіркеу, есептен шығару және орын ауыстыру рәсімдері жүргізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Деректер базасын техникалық жетілдіру аясында келесі форматтық-логикалық бақылау функциялары енгізілді:
«Төлдеу» себебі бойынша ІҚМ тіркеу: бұзауды міндетті түрде аналық малдың ЖСН-мен байланыстыру енгізілді. Бұл жануардың шығу тегін нақты есепке алуды қамтамасыз етіп, деректер енгізу кезінде қателіктерді болдырмайды.
«Жеке тұтыну үшін сойылды» себебі бойынша есептен шығару: рәсімдерді кешіктіріп орындаған жағдайда айыппұл салу тетігі іске қосылды. Бұл жануарлардың негізсіз есепте тұруын болдырмай, уақтылы есептен шығаруды қамтамасыз етеді.
Сатып алу-сату рәсімдері: меншік құқығын беру функциясы жаңартылды. Бұл мәмілелерді рәсімдеу дәлдігін арттырып, «анықталмаған» малдың жинақталуына жол бермейді.
Вакцинация кезінде шектеулер: вакцинаның қолданылу кезеңінде кейбір операцияларды жүргізуге тыйым салынды. Бұл жалған мәмілелерді болдырмай, ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Союдан кейінгі етті сақтау функциясы: етті ұзақ мерзімге сақтау үшін жөнелтуді тіркеу мүмкіндігі енгізілді. Бұл сараптама актілерін қолдану арқылы ашықтықты және бақылауды арттырады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.